
Тимирязев ауданы Жарқын ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкері Аружан Омарова — мемлекеттің қолдауы арқылы ең батыл армандарды да жүзеге асыруға болатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Биыл ол өз кәсібін дамыту үшін 5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алды.
Аружан Омарова ауданымызға Түркістан облысынан 2018 жылы қоныс аударды. Аружан бизнесті нөлден бастады. «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтіп, кейін Жұмыспен қамту орталығы арқылы алғашқы грантын — 520 мың теңге алды. Бұл қаражат құс шаруашылығын дамытуға бағытталып, кәсіпкерлік жолы дәл осы саладан басталды.
Алайда ол жеткен жетістігімен тоқтап қалмады. Жолдасы Нурхатпен бірге кәсіпкерлікті кеңейту туралы ойланып, үй жанынан жер телімін рәсімдеді. Осылайша бау-бақша өсіру идеясы туындады. Олар құлпынай, қарақат, таңқурай, алма ағаштарын отырғызды. Көшеттерді тексерілген питомниктерден, өнімділігі жоғары сорттардан таңдады.
Бүгінде Аружанның нағыз жеміс-жидек бағы бар, ол тұрақты табыс әкелуде. Өнімдерін аудан тұрғындарына саудалап, бір бөлігін облыс орталығына да жөнелтеді.
Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттің қолдауының арқасында көптен күткен арманы орындалып, өз өнімін өңдеуді жолға қою мүмкіндігі туған. «Мен ұзақ уақыт бойы тек жидек өсіріп қана қоймай, олардың құндылығын арттырғым келді. Енді өңдеу цехының ашылуымен табиғи йогурттар, тосаптар мен шырындар шығара аламыз. Бұл — тек ассортиментті кеңейту ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы», — дейді Аружан Омарова.
Бес миллион теңгені ол жидектерді өңдейтін цех ашуға бағыттамақ. Айта кету керек, мұндай қолдауға ие болуға жол ашқан басты қадам — «Бір ауыл – бір өнім» байқауына қатысуы болды. Дәл осы байқауда оның жеміс-жидек өнімдерін өндіру жобасы үздіктердің қатарынан табылып, грант алуға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/op-timirazevo/press/news/details/1054566?lang=kk
Жауап қалдыру