
Экологиялық іс-шараға еріктілер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Фестиваль аясында қатысушыларға қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, экологиялық мәдениетті қалыптастаруға бағытталған экобекеттер, ойындар және қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
-«Eco future Mangystau» эко-фестивалі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және өңірлік жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының экологиялық жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – өңір тұрғындарының экологиялық сауатын арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, – деді Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шарадағы әр экобекет арқылы тұрғындар мен қонақтар өңір экологиясына өз үлесін қоса алады.
-Іс-шарада 4 экобекет орналасқан. Мысалы велошредер экобекетінде кез келген тұрғын велосипедті айдау арқылы пластикалық қақпақты өңдеп, яғни үгітіп жібере алады. Екінші экобекетте тұрғындар өз тілегін жазып қалдырады. Үшінші экобекетте эковикторина ұйымдастырылса, төртінші экобекетте қолөнер шеберлерінің көрмесі және шеберлік сағаттары өткізілді, – деді «Taza.Likee жасыл мектебі» қоғамдық қорының жоба менеджері Милена Шиповская.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-zhastar/press/news/details/1054603?lang=kk
Жауап қалдыру