Бейбіт Исабаев Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қаратал ауданында бүгінгі күні егін жинау науқаны барысында 3,2 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылып 5,8 мың тонна астық бастырылды орташа гектар өнімділігі 19 центнерді құрап отыр. Биылғы жылдың 6 айында 7,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 62,8%-ға артқан. Бұл туралы бүгін Қаратал ауданында тұрғындармен кездесу өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үштөбе қаласында өткен кездесуде аудан халқының тұрмыс жағдайын жақсарту бағытындағы іс-шараларға кеңінен тоқталған өңір басшысы аймақтағы өзекті мәселелердің шешімі, әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттары жайлы айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, былтырдан бастап ауданда 193,4 шақырым суару арналарына жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар жылдар бойы қайырланып қалған суару каналдарын тазалау жұмыстары да басталған. Бұл жұмыстар өз кезегінде алқаптарға су беруді жақсарта түспек. 

Сондай-ақ өткен алты айда былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсіммен ауданға 6,5 млрд. теңге инвестиция тартылған, соның 2,7 млрд. теңгесі жеке инвестициялар.

Бейбіт Исабаев өз сөзінде халықты тұрғын үймен, сол сияқты жол, ауыз су, газ сияқты инженерлік инфрақұрылыммен қамту мәселелеріне тоқталды. Атап өтсек, бүгінде ауданда тұрғын үй кезегінде 1393 адам тұр. Бұл ретте 2023 жылы 60 үй, былтыр 70 үй берілсе, биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 110 жалға берілетін баспана құрылысы жүргізілуде, жылдың аяғына дейін беріледі.

– Аудандағы 35 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қазан айында Ұмтыл ауылының тұрғындары да таза ауыз суға қол жеткізеді, Қанабек ауылында ауыз су жүйесі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Көп жылдардан бері шешімін таппай келген Көпбірлік ауылының ауыз су мәселесін жақсарту үшін тұщыландыру құрылғысы орнатылды. Ал жол мәселесінде мен уәде бергендей, ұзақ жылдар жөндеу көрмеген облыстық маңызы бар 176 шақырым «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте елді мекендердің жергілікті маңызы бар жолдары кезең-кезеңімен жөнделетін болады, – деп атап өтті Б. Исабаев.

Бұған қоса әлеуметтік саланы дамыту шараларына да тоқталып өтті. Мәселен, соңғы екі жылда ауданда 20 әлеуметтік нысан салынып, 6-уы күрделі жөндеуден өткізілген.

Облыс әкімінің баяндамасынан кейін аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Солардың бірі Бастөбе ауылының тұрғыны Ләзат Ғалымбекова: «Үштөбе қаласының кәріз жүйесіне тазарту жұмыстары әзір қолға алынбағандықтан көптеген үйлер кәріз жүйесіне қосыла алмай отыр. Осы мәселені назарға алсаңыздар», – деді. Белгілі болғандай, аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайын, келесі жылға бюджеттік өтінім берілетін болады. Өз кезегінде облыс әкімі тиісті сала басшыларына құрылыс жұмыстарын екі жылға жоспарлап, мәселені түбегейлі шешу керектігін тапсырды.

Ал Үштөбе қаласының тұрғыны Гүлнар Қожабекқызы қаладағы көп қабатты үйлердің аулалары абаттандырылса деген тілегін жеткізді. Бұл мәселені зерделеп, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қарастыру аудан әкіміне міндеттелді.

Осы күні облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысына баспана мәселесімен жүгінген көп балалы ана Меруерт Шукирова тұрғын үй кезегіне өткен жылы тұрған. Оған тұрғын үй заңнамасына сәйкес баспана кезек ретімен берілетіндігі түсіндірілді. Сол сияқты Ләззат Шалабаева үйінің алдына жазғы ас үй және жуынатын бөлме салу үшін тегін жұмысшы бөліп беруді сұрады. Әңгімелесу барысында жолдасы, 6 баласы бар екенін айтқан тұрғын олардың құрылыс сала алмайтынын алға тартты. Дегенмен бұған дейін 2019 жылы тұрғын берілген М. Шалабаеваға өтініші бойынша әлеуметтік мәселелеріне бірнеше мәрте демеушілер тартылып, көмек көрсетілген. Сондықтан облыс әкімі үй отағасының өз балаларының, отбасының алдындағы жауапкершілігін өз мойнына алуы қажеттігін, әкімдік тек заңдық тұрғыдағы мүмкіндіктерді ғана қарастыруға құқылы екенін жеткізді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фототілші: Жеңіс Ысқабай

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1054937?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді