Павлодарда «Білім келешегі – адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында облыстық дәстүрлі тамыз конференциясы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Естай атындағы мәдениет сарайында өңірдің білім беру жүйесін дамытудың бағдары мен пікір алмасу алаңына айналған дәстүрлі педагогикалық тамыз конференциясы өтті.

Конференция аясында ұйымдастырылған «цифрлық көрмеде» заманауи техникалық және педагогикалық шешімдер ұсынылды. Жасанды интеллект және әлеуметтік бастамалар саласындағы жетекші сарапшылар AI енгізуге, үздіксіз білім беру экожүйесін құруға және бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін нығайтуға баса назар аударды.

Облыс әкімі Асайын Байханов өз сөзінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» деген үндеуі әрбір педагог үшін басты бағдар болуы тиіс екенін атап өтті.

– Білім беру сапасын үнемі арттырып отыру қажет. Ел Президенті бұл салада ешқандай қателікке жол беруге болмайтынын атап өткен болатын. Өйткені, бақытты бала – елдің бақыты, ал ұстаздар осы болашаққа жол ашады. Білім заманауи, технологиялық, сонымен бірге әлеуметтік бағдарланған болуы керек. Павлодар облысы әрдайым осы маңызды саладағы көшбасшылардың қатарында, – деп атап өтті әкім.

Бүгінде облыста 23 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, олардың 15 мыңнан астамы біліктілігін арттырғаны үшін үстемеақы алады.

«Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылып, оған қатысқан 21 ұстаздың 17-сі бүгінде білім беру ұйымдарын басқаруда. Жоғары жетістіктері мен білім саласына қосқан зор үлестері үшін Сәбит Әбдікенұлы Ибадуллин, Фарзия Ниазытовна Клепица, Лилия Викторовна Стадникова, Оксана Владимировна Колдашева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды.

Үш жылдың ішінде өңірдің білім беру саласының бюджеті екі есеге ұлғайып, 250 миллиард теңгеден асты. Бұл барлық облыстық бюджеттің жартысынан астамын құрайды. Жаңа мектептер мен балабақшалар салынды, 182 мекеме жаңғыртылды, оқу орындарындағы қауіпсіздік толығымен қамтамасыз етілді. Биыл колледждерге бөлінген орындар саны рекордтық көрсеткішке жетті – 6 250, ал түлектер оқуларын аяқтағаннан кейін жүз пайыз жұмысқа орналасады.

Биылғы оқу жылында павлодарлық оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарынан 329 медаль жеңіп алып, республикадағы үздік команда болып танылды.
Білім алу мүмкіндігінің тең дәрежеде болуына ерекше назар аударылуда. Бүгінде өңірдің 387 мектепке дейінгі ұйымында 36 мың бала білім алуда, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 100%-ға жеткізілді. Жақын күндері Бірлік, Заңғар, Ақтоғай ауылдарында және Павлодар қаласының Достық шағын ауданында жаңа балабақшалар өз есігін айқара ашады. Шілде айынан бастап өңірде балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру жобасы енгізілді. Бұл дегеніміз, ата-аналардың өздері балабақшаны таңдайды, ал мемлекеттік тапсырыс баланың соңынан «жүреді». Бұл тәсіл балабақшалардағы кезекті 50%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Өңір мектептерінде 117 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл 10,5 мың бала алғаш рет мектеп табылдырығын аттағалы отыр.
Білім беру сапасын жақсарту үшін 130 заманауи кабинет енгізілді, 85%-дан астамы мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Биыл Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында және Павлодар ауданының Бірлік ауылында жаңа мектептер ашылуда. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына Аққулы және Ертіс аудандарында заманауи ғимараттар салынды. Келесі жылы Қызылқақ ауылында және Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында мектептер салу, сондай-ақ Екібастұз аймағының Атығай ауылында жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Екібастұзда инклюзивті балабақша ретінде ашылатын ғимаратты қайта жаңарту басталды, Ақсуда жаңа мамандандырылған мекеме, ал Майқайың кентінде – музыка мектебі салынады.

Облыс әкімі білім мен тәрбиені үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Оны іске асыру үшін «Алтын сақа» және «Самғау» сияқты жаңа орталықтар құрылды, соның арқасында қосымша біліммен қамту көрсеткіші 98%-ға дейін өсті. Жақын арада оқушыларды қоғамдық пайдалы істерге тартуға бағытталған «Ұрпақ үні» атты жаңа жоба іске қосылады.

Балалар – бұл мемлекет аманаты. Павлодар облысында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы енгізілуде. Қыркүйек айынан бастап буллингке қарсы «Kiva» және «ДосболLIKE» жаңа жобалары іске қосылады.

Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау үшін арнайы цифрлық жүйе әзірленуде.

Жаңа оқу жылының ерекшелігі орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу болады. Павлодар облысы мектеп бағдарламаларына AI интеграциялау үшін пилоттық алаң болып белгіленді, бұл дербес оқыту жүйесін құруға мүмкіндік береді.

2025-2026 оқу жылында педагогтар сараланған және инклюзивті білім беру үшін цифрлық құралдарды қолдану бойынша арнайы оқудан өтетін болады.

Сондай-ақ, тамыз конференциясында жыл сайынғы «Үздік білім беру ұйымы – 2025» байқауының қорытындысы шығарылды.
Жеңімпаздар қатарынан Павлодар қаласының №29 орта мектебі, Екібастұз қаласының қыздарға арналған №25 қазақ гимназиясы, Ақсу қаласының №24 балабақшасы, балалар мен жастарға арналған экология және туризм орталығы және Павлодар технологиялық колледжі көрінді. Барлық жеңімпаздар 50 млн теңгеге сертификат алды.

Білім беру саласын дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтарға ерекше назар аударылды. ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен өңірдің алты өкілі марапатталды: Баянауыл, Екібастұз, Ертіс және Успен аудандарының ұстаздары, сондай-ақ Павлодар қаласының балабақша меңгерушісі. Ұстаздарға гүлдер мен ақшалай сертификаттар табысталды.

«Алматыкітап» баспасы өңірдің шағын жинақты мектептеріне «TopIQ-Mobil Box» 40 мобильді білім беру кешенін тегін ұсынып, өңірдің білім беру жүйесіне қолдауын білдірді.

Конференция мерекелік шығармашылық құттықтаулармен аяқталды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1055132?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді