
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Астрахан облысына жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында Елші 10-шы Каспий медиафорумының жұмысына қатысты. Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде ол медиафорумның «Каспий тарихы: өткеннен болашаққа» тақырыбын өте өзекті деп атады. Өзінің 10 жылдық жұмыс кезеңінде медиафорум елдеріміздің медиа-қауымдастықтарының маңызды байланыс аймағы, ашық диалог пен бірлескен шешімдер платформасы бола отырып, өзінің қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Осы тұрғыда дипломат өңірлер ынтымақтастығының экология, экономика, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар, жастар желісі және медиа білім беру бойынша байланыстар сияқты негізгі факторларына назар аударуға шақырды.
Дәстүр бойынша медиафорум алаңында «Шекарасыз Каспий» үздік журналистік шығармашылық жұмыстар байқауының қорытындысы шығарылды. Биылғы жылы Қазақстан БАҚ өкілдері Ләззат Ахметова (Liter.kz), Альберт Ахметов (Caravan.kz, Baigenews.kz), Алена Солодовникова («Прикаспийская коммуна»), Анастасия Пастухова («Ак-Жайык») лауреат атанды.
Сондай-ақ, сапар барысында Д. Абаевтың Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесуі өтті, онда өнеркәсіптік кооперация, инвестиция және логистика, кеме жасау және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Алдағы күзде Оралда өтетін ҚР мен РФ Өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы шекара маңындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
«Атырау – Астрахан» автотрассасын күрделі жөндеуді аяқтау және қайта құру жоспарланып отырған «Құрманғазы» өткізу пункті өзара сауда көлемін арттыруда тиімді рөл атқаруға тиіс. Тараптар Астрахан және Атырау облыстары арасындағы шекарада көлік-логистикалық хаб салуға қызығушылық білдірді.
Астрахан облысының логистикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізін дамыту да сауда қарым-қатынастары мен көлік инфрақұрылымын нығайтуға ықпал ететін болады. Осыған байланысты Елші жергілікті порттардың – аталған маршруттың маңызды жүк тиеу пункттерінің жұмысымен танысты.
Ағымдағы жыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы белгісімен өтуде. Қазақстандық серіктестермен бірлесе отырып, Астрахан жоғары оқу орындары осы атаулы күнге арналған бірқатар іс-шаралар өткізді. Ата-бабалардың құрметіне Елші «Даңқтың мәңгілік алауы» мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Сапар соңында Д.Абаев «Каспий маусымдары» V халықаралық классикалық өнер фестивалінің салтанатты ашылуына қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-moscow/press/news/details/1055717?lang=kk
Жауап қалдыру