
Ұлытауға жұмыс сапарының екінші күні Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдің медициналық жұртшылығымен кездесті.

Медициналық көмектің сапасын бақылау бөлігінде министр биылғы 15 қыркүйектен бастап Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қадағалау функциялары берілетінін, бұл көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін еске салды.

Медицина қызметкерлері кадр тапшылығы, медициналық көмекті ұйымдастыру және инфрақұрылымның жай-күйі тақырыптарын көтерді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі қызығушылық тудырды, ол пациенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуі, дәрігерлер үшін заңды қауіптерді төмендетуі және даулы жағдайларды шешуге көмектесуі керек.

Кеңес қорытындысы бойынша министр өңірде арнайы жұмыс тобының құрылғаны туралы хабарлады.
«Келесі аптадан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы жұмыс істей бастайды. Оның міндеті – ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізу, инфрақұрылымның жай-күйін бағалау, жүйелік проблемаларды анықтау және медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар әзірлеу», – деп түйіндеді министр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau-densaulyk/press/news/details/1055855?lang=kk
Жауап қалдыру