
Өрт қауіпті кезең басталғалы бері елімізде 499 орман өрті, дала алқаптарында 25 өрт және 1 982 құрғақ шөптің жану оқиғасы тіркелді.
Орман-дала алқаптарында рейдтер мен патрульдеу жүргізілуде. Бұл мақсатта азаматтық қорғау, ішкі істер, табиғатты қорғау және орман мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. Халық көп жиналатын демалыс орындары мен орман-дала аймақтарында өрттің алдын алу мақсатында 13 мыңнан астам рейд өткізілді. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 4 244 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті атқарушы органдардың табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп 360 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Шаруашылық жүргізуші субъектілермен және халықпен 4 407 жиын, 55 496 нұсқама, 2 230 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жалпы 342 948 адам қамтылды.
ТЖМ тәулік бойы өрт жағдайына мониторинг жүргізеді. Орман алқаптары бар өңірлерде әуе кемелерінің кезекшілігі ұйымдастырылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды, сондай-ақ өрт бекеттері қойылды.
Осы кезеңдегі өрттің негізгі себептері – от жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелер, отты абайсыз пайдалану, шөптер мен қоқысты рұқсатсыз жағу, балалардың отпен ойнауы.
ТЖМ азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Сергек болыңыз және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз, от жақпаңыз, қоқыс пен құрғақ шөпті өртемеңіз. Балаларға от пен сіріңке ойындарының қауіптілігі туралы түсіндіріңіз. Есіңізде болсын: өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1056186?lang=kk
Жауап қалдыру