
Асхат Байбосынұлы Атрауов – «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік-техникалық қамтамасыз ету және жабдықтау басқармасының бас инженері, өмірінің отыз жылдан астам уақытын Қазақстан мұнай саласына арнаған тұлға. Оның еңбек жолы «Мақатмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында ұңғымаларды жер астында жөндеу операторы қызметінен басталды. Кейін ол кәсіби өсу баспалдақтарынан өтіп, ұңғымалардың дебитін өлшеуші, жүк қабылдаушы, жүк тасымалдау экспедиторы, сондай-ақ «Ембімұнай» бірлестігінің ӨТҚжЖБ Балықшы базасында вагондарды раскредиттеу шебері болып еңбек етті.
Жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында «Орталық жабдықтау базасы» ЖШС-інде бас инженер, кейін өндіріс басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұдан соң «Эмбастройсервис» ЖШС-де жалпы мәселелер жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. 2011 жылдан бері Асхат Байбосынұлы «Ембімұнайгаз» АҚ ӨТҚжЖБ бас инженері қызметінде.
Осы жылдар ішінде ол өз ісіне адал, бастамашыл әрі жоғары білікті маман ретінде танылды. Күрделі өндірістік жағдайларда шешім қабылдап, түпкілікті нәтижеге толық жауап бере алатын қабілетімен ерекшеленді. Оның басшылығымен «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-де 71 ұңғыма ауыз алаңшаларымен және канализациялық ысырмаларымен жабдықталды.
Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» АҚ барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде нысандарды абаттандыру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айрықша жетістігі ретінде Атырау базасында екі жаңа цехтың іске қосылуын айтуға болады: металлопластик терезелер мен есіктер өндіру, сондай-ақ автокөлік шиналары мен басқа да резина-техникалық бұйымдарды резеңке түйіршігіне қайта өңдеп, одан резеңке плиталар шығару цехтары. Бұл жобалар кәсіпорынды өз өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, ресурстарды тиімді пайдалануға да мүмкіндік берді.
Асхат Байбосынұлы – еңбекқор, мақсатшыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары инженер. Әріптестері мен серіктес бөлімшелер ұжымында үлкен құрметке ие. Ол жұмысқа деген адалдығымен, кәсіби біліктілігімен және өндірістегі сенімділігімен ерекшеленеді. Бүгінде оның есімі мұнай саласына беріктіктің, кәсібиліктің және адалдықтың айғағы болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1056373?lang=kk
Жауап қалдыру