Ақмола облысында кәсіпкер туған ауылына шамамен 7 млрд теңге инвестиция салды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңір кәсіпкерлері тек өз істерін дамытып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға да айтарлықтай үлес қосып келеді.

Осындай кәсіпорындардың бірі – Целиноград ауданы Маншук ауылында орналасқан «Ен-дала» ЖШС. 1998 жылы құрылған кәсіпорын егін және мал шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы мұнда 2 мың бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы кешені ашылып, жылына 12 мың тоннаға дейін сүт өндіру қуатына ие болды. Шикізат «Родина» және «Нәтиже» серіктестіктеріне жеткізіледі.

Аталған серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің табысты үлгісі болып табылады. Маншук Мәметова ауылында тұрғындар үшін шамамен 5 мың шаршы метр тұрғын үй, екі дүкен салынды, мектеп пен балабақша тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, әлеуметтік нысандар жыл сайын жөнделеді. Қауіпсіздік мақсатында 16 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазіргі уақытта серіктестік есебінен ауылды абаттандыру және 16 пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, кәсіпорынның 370 қызметкері жоғары жалақыдан бөлек толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.

Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі егістік алқаптарын, сүт-тауар фермасын аралап, механизаторлармен кездесті және ауылды абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Диқандардың айтуынша, биыл жақсы өнім күтілуде. Бұған тек қолайлы ауа райы ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау да ықпал етуде. Бүгінгі күні егіс алқаптарының 25 пайызы жиналды, орташа өнімділік гектарына 16–17 центнерді құрайды. Жалпы 23 мың гектарға жуық дәнді дақылдар және 1,6 мың гектар майлы дақылдар егілген.

«Қазір мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілуде: техника лизингке беріледі, субсидиялар бөлінеді, жылдың басында жеңілдетілген несие іске қосылды. Баға саясаты жұмыс істейді, оған сәйкес қараша айында астықты тиімді бағамен сатуға болады. Сонымен қатар, өңірде тауарлық емес астықты қайта өңдейтін зауыт салынады. Сондай-ақ, астықты Эстония порттары арқылы Еуропаға жеткізу жолы жолға қойылды. Яғни, біздің астығымызға сұраныс болу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Сонымен қатар агромәдениетті дамытып, ауыл шаруашылығына заманауи тәсілдерді енгізіп жатырмыз», – деді облыс әкімі еңбеккерлермен әңгімесінде.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов кадр тапшылығын шешу жолдарын айтып, қызметкерлердің балаларына инженерлік, аграрлық және техникалық мамандықтар бойынша 4 грант пен стипендия бөлуді тапсырды.

Облыс әкімі шаруашылықтың мал шаруашылығы кешенін аралады. Өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Ғалым Қойлыбаевтың айтуынша, сүт-тауар фермасында голштин тұқымды 2,7 мың ірі қара бар, онда 75 адам еңбек етеді. Бұл тұқымның ерекшелігі – суық ауа райына төзімділігі.

Сапар соңында М. Ахметжанов ауылдың көше-жол желісін күрделі жөндеу барысымен танысып, фельдшерлік-акушерлік пунктке барды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1056581?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді