
Бүгін – Ата Заң күні. Осыған орай Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының алдында «Ата заңым – айбыным, адалдықты сақтаған» атты кең көлемді мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік кеш шымылдығын «Жас Абай» спектаклінен үзінді мен тойбастар хор биі ашты. Бұдан кейін Молдабайдың халық әні шырқалып, сахна төрінде Бейбарыс Асқарбеков «Қазақстан – Гүлстан» әнімен көрермен ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында көрермендерге Қазақстан Конституциясына қатысты білім сайысы ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендерге театрға тегін билет табысталды.
Сонымен қатар, концерт барысында көрермен назарына «Танакөз» спектаклінен «Арқалықтың ақ таңы», Ілияс Мұратбектің «Қазақстан», Алмас Асқарұлының «Туған жер», Наурыз Ерболатовтың патриоттық әндері, Мұқағали әндерінен попурри, би флешмоб, «Сәйгүлік» және «Астана аруы» сияқты түрлі жанрдағы көріністер мен музыкалық қойылымдар ұсынылды.
Бұдан бөлек шара барысында «Таза Қазақстан» акциясы да кеңінен насихатталды. Театр ұжымы бұл бастамадан тыс қалмай, елді экологиялық тәрбиеге шақырды. Аталған жоба – қоршаған ортаны таза ұстауға, көгалдандыруға, су көздерін тазартуға және қалдықтарды сұрыптауға бағытталған кешенді бағдарлама ретінде жұртқа таныстырылды.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, кеш соңында хакімнің өлеңдері түрлі тілдерде оқылып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Сонымен бірге, театр ұжымы 28 қыркүйекте өтетін Абайдың 45 қара сөзінен құралған пластикалық спектакльдің премьерасына шақырды.
Кеш финалында «Атамекен» әні орындалып, жиылған жұрт бір сәт Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін әнмен білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1059718?lang=kk
Жауап қалдыру