Құрметті отандастар!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл біз үшін ерекше мерейлі жыл – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл Негізгі заң мемлекетіміздің берік іргетасына айналып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепіліне, қоғамдағы бірлік пен келісімнің нышанына айналды.

         Конституция бізді әділеттілік, заңдылық және қуатты, өркендеген Қазақстанды дамытуға деген ортақ ұмтылыста біріктірді.

         Оның жоғары қағидаттарына сүйене отырып, Ақмола облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғауды жүйелі түрде қамтамасыз етіп келеді. Тек 2025 жылдың өткен кезеңінде 11 мыңнан астам адамның конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.

         Әсіресе, еңбек құқықтарының сақталуы ерекше бақылауда. Қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура аймақтағы жалақының уақтылы төленуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

         Осы шаралардың арқасында 4 700-ден астам азаматтың конституциялық құқықтары қорғалып, оларға жалақы қарыздары толық өтелді.

         Мысалы, «ПКФ Новоникольское» ЖШС-нің 125 қызметкеріне 55,5 млн теңге көлеміндегі қарыз прокурорлық қадағалау актісінен кейін толықтай төленді.

         Атбасар ауданында «Атбасар Су» ШЖҚ МКК-нің 79 қызметкеріне 11 млн теңге жалақы қарызы өтелді.

         Прокуратураның маңызды бағытының бірі – әлеуметтік осал топтардың, соның ішінде жетім балалардың тұрғын үй құқықтарын қорғау.

         Тексеру барысында коммуналдық тұрғын үй қорынан заңсыз баспана беру фактілері анықталды. Мәселен, кезекте тұрмаған мемлекеттік орган басшысына пәтер заңсыз берілген. Прокурорлық акт негізінде ол пәтер қайтарылып, кезекте тұрған жетім балаға берілді.

         Бұланды ауданында заңсыз кезектен шығарылған жетім балалардың тұрғын үй құқықтары қалпына келтіріліп, оларға баспана берілді.

         Бурабай ауданында прокурорлық қадағалау нәтижесінде жетімдердің ата-анасына тиесілі үйіне үшінші тұлға заңсыз қоныстанғаны белгілі болып, балалардың меншік құқығы қалпына келтірілді.

         Бұланды ауданында I топ мүгедегі Б. есімді азаматшаның да құқықтары қорғалды. Оның деректерін алаяқтар пайдаланып, басқа азаматтардың есепшоттарынан ақша ұрлап, кейін зардап шеккендер сот арқылы қаражатты одан өндіріп алған. Прокурордың апелляциялық өтінішінен кейін сот шешімі бұзылып, 980 мың теңге қарыз өндіру туралы қаулының күші жойылды.

         Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде прокурорлардың араласуымен уақытша ұстау изоляторынан 13 азамат босатылды. Олардың үшеуіне қатысты қылмыстық қудалау қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

         Сонымен бірге, шетелге шығуға тыйым салу заңдылығы да тексерілді. Нәтижесінде 13 азаматқа мұндай шектеулердің заңсыз қойылғаны анықталып, заңдылықты қалпына келтіру туралы ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда бұл шектеулер алынып, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

         Барлық осы мысалдар әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекетіміздің негізі әрі заңға деген сенімнің берік тірегі екенін дәлелдейді.

         Осы айтулы күні баршаңызға бейбіт өмір, амандық пен ертеңгі күнге сенімділік тілеймін. Әр шаңырақта келісім, өзара түсіністік пен молшылық орнасын, ал әділет пен заңға деген сенім ортақ болашағымызды нығайта берсін.

         Мерекелеріңізбен, қымбатты отандастар!

 

Облыс прокуроры Руфат Құттықов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-akm-obl/press/news/details/1058775?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді