Өңірдің белсенді еріктілерімен кездесу

Жарияланды:

Автор:

категорияда

13 наурызда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары – Әлібек Әлденей өңірдің белсенді еріктілерімен кездесті. Жиынға Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты.

Басқосу көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтау, жастарды толғандырған сауалдарға жауап беру және еріктілердің бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Жиында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері еріктілерге қажырлы еңбегі мен азаматтық белсенділігі үшін алғыс айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей: “Елімізде еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жыл еріктісі» халықаралық премиясы тағайындалып, 230-дан астам волонтер марапатталды. Бүгінде Қазақстанда 275 мыңға жуық ерікті бар. Ал біздің облысымызда еріктілер ұйымдарына 5 мыңнан астам адам мүше. Сіздердің әрқайсыңызды «Адал азамат» деген атаққа лайық деп білем“, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, жиында еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған жаңа бастамалар таныстырылды. Қарағанды облысында 5 мыңнан астам еріктінің жұмысын үйлестіруге арналған цифрлық база құрылатыны сөз болды. «JasProKrg» платформасы арқылы әрбір волонтердің қызметі тіркеліп, ұпай саны бойынша үздіктер анықталады. Жиналған ұпайлардың негізінде ай сайын облыстың үздік еріктілерінің рейтингі жасалып, жарияланады.

Жыл қорытындысы бойынша үздік еріктілер марапатталады. Демек, облыстың жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға арналған гранттар, өңірдің санаторий-профилакторийіне жолдамалар, беделді компаниялар мен кәсіпорындардағы тағылымдамадан өту және тағы басқа көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Рейтинг Ерікті паспорты арқылы анықталады.  Бұл – волонтерлік тәжірибені растайтын, соның арқасында гранттар мен жұмысқа орналасуда басымдық берілетінін айғақтайтын құжат.

Кездесу барысында облыс әкімшілігі еріктілердің республикалық форумын тұңғыш рет Балқаш қаласында өткізуді ұсынды. «Balkhash Tour Fest» аясында өткізілетін шара волонтерлік қызметтің өркендеуіне ықпал етіп қана қоймай, қаланың туристік әлеуетін арттыруға да серпін бермек.  

          Қарағанды облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова: “Жастардың белсенділігі – қоғам дамуының көрсеткіші. Еріктілерді қолдау және олардың қызметін ынталандыру – біздің басты міндетіміз. Волонтер паспорты мен JasProKrg платформасы арқылы біз еріктілердің еңбегін лайықты бағалап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз”, – деп атап өтті.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары еріктілердің түрлі жобаларға қатысу арқылы қоғамда мейірімділік, қайырымдылық пен бауырмалдықты арттыруға атсалысатынын айрықша атап өтті. Өз кезегінде, Қарағанды облысының еріктілері өңір өркендеуі жолында бірлесе әрекет етуге әзір екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-zhastar/press/news/details/960587?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді