
Учаскелік полиция пункттеріне, Өскемен қаласы полиция басқармасының бөлімдеріне жоспарлы түрде мониторинг жүргізу басталды.
Азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілі ретінде полиция органдарына қарасты мекемелерге жоспарлы түрде бару шеңберінде мониторинг жүргізуге кірістім. Бақылау барысында Уәкіл Өкілі ғимараттардың жағдайын көзбен шолып тексереді, үздіксіз бейнебақылаудың бар-жоғын қарайды, азаматтарды жеке қабылдау барысында құпия әңгімелер жүргізеді, азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану туралы, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу туралы шағымдар мен өтініштерді қабылдайды.
Бұдан бөлек, Омбудсменнің өңірлік өкілдерінің алдын алу мақсатындағы бұл сапарлары – мемлекеттік бақылауды күшейтуге, мемлекеттік органдардың қызметінің ашықтығын арттыруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Учаскелік пункттер мен полиция бөлімдері – азаматтардың құқықтарын қорғау мен бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің алдыңғы шебінде тұр. Олар халықпен, соның ішінде түрлі санаттағы азаматтармен күнделікті жұмыс жүргізеді. Дәл осы қызметкерлер – полиция органдарының «бет-бейнесі» болып табылады, халық құқық қорғау жүйесі туралы пікірін солар арқылы қалыптастырады.
Қоғамдық санада жүріп жатқан белсенді өзгерістер, реформалар мен цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғауға кепілдік беретін тиімді тетіктерді қалыптастыру, құқықтық сана мен мемлекеттік билікке деген қоғамдық сенімді арттыру маңызды. Заңдылық пен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Мемлекеттік институттардың тиімді қызметі тек құқық нормаларын мемлекеттік құрылымдар да, азаматтық қоғам да бұлжытпай орындағанда ғана мүмкін болады. Бұл – құқықтық мемлекетті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ұмтылыстың айғағы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-vko-oblysy/press/news/details/1089246?lang=kk

Жауап қалдыру