Балқаш технология және сервис колледжі қонақүй ісі мамандарын даярлауды қолға алады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш технология және сервис колледжінде 2026 жылдың қыркүйегінен бастап «қонақүй ісі және қонақүй әкімшісі» мамандығы бойынша студенттер қабылдана бастайды. Бұл мақсатта оқу орнында заманауи жабдықталған оқу-зертханалық кешен ашылады. Онда нағыз қонақүй нөмірлері, мейрамхана және кәсіби ас үй қарастырылған.

Бүгінде колледжде «туризм» және «қоғамдық тамақты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадрлар даярланып келеді. «Туризм» бағытының түлектері болашақта туристік агенттіктерде жұмыс істей алады, ал аспаздық және сервис саласын меңгергендер тамақтану саласының мамандары болып шығуда.

– Жаңа оқу зертханасында үш мамандықтың студенттері бірлесе тәжірибе жинақтай алады. Кешен екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта толық жабдықталған ас үй мен оқу мейрамханасы, сондай-ақ заманауи оқу кабинеттері орналасады. Екінші қабатта қонақүй нөмірлері болады: екі және үш орындық бөлмелер, сондай-ақ VIP санаттағы бір нөмір қарастырылған, – деп атап өтті колледж директоры Жәмиля Тезекбаева.

Қазіргі уақытта зертханаға арналған ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр – инженерлік коммуникациялар жаңартылып, ішкі әрлеу жүргізілуде.

Жаңа оқу-зертханалық кешен келесі оқу жылынан бастап толық қуатында жұмыс істей бастайды. Осылайша колледжде оқу процесі мен нақты өндірістік тәжірибе ұштасады. Студенттер болашақ мамандығын тек теория жүзінде емес, нақты қызмет көрсету жағдайында меңгеретін болады.

Жаңа мамандықты енгізу туралы шешім Балқаш өңірінің курорттық аймақтарына сұраныстың артуымен байланысты. Биылғы жаз маусымында көл жағалауында шамамен 300 мың турист демалған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1090582?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді