
Сеул, 2025 жылғы 19 наурыз – Қазақстан Елшісі Нұрғали Арыстанов Сеул қаласында өткен Жаһандық бизнес форум (Global Business Forum) алаңында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Іс-шараға ірі корпорациялар мен холдингтер, құрылыс және девелоперлік, көлік және логистика, инжиниринг және өнеркәсіптік, консалтингтік және инвестициялық компаниялардың басшылары, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, жетекші жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары және дипломатиялық корпус өкілдерінен құралған 160-тан астам адам қатысты.
Форумды Кореяның жетекші ағылшын тіліндегі күнделікті «The Korea Herald» газеті ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Кореяның бизнес қауымдастығының көшбасшыларымен байланыс орнатуға және іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған платформа құру.
Ашылу рәсімінде «Herald Media Group» Бас атқарушы директоры Чхве Чжин Ён, «Daewoo Engineering & Construction» компаниясының Төрағасы Чон Вон Джу және Корея Республикасы Ұлттық ассамблеясының депутаты Шин Чон Хун сөз сөйледі.
Өз сөзінде Елші Нұрғали Арыстанов 2024 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Корея Республикасы Қазақстанның ірі инвесторларының арасында 907 миллион АҚШ доллары көлеміндегі тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынымен 4-ші орынға шыққанын атап өтті.
Сонымен қатар, ол Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 740-тан астам корей компаниясының сәтті жұмыс істеп жатқанын және ірі оңтүстіккореялық компаниялардың қатысуымен бірқатар табысты инвестициялық және инновациялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жан-жақты жаңғырту және экономикалық трансформациялау жөніндегі саясаты аясында Қазақстан Үкіметі инвестициялық ахуалды жақсартуға және қолайлы іскерлік орта құруға бағытталған жұмысты жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.
Қазақ дипломаты оңтүстіккореялық компанияларды Қазақстанға инвестиция салуға шақырып, инфрақұрылым, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект, дрондар, банк секторы, сирек металдар, сутегі энергетикасы, денсаулық сақтау, білім беру және креативті индустриялар сияқты негізгі салаларды ерекше атап өтті.
Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік орындары туралы бейнероликтер, соның ішінде «Born Bold» медиакампаниясының таныстырылымы көрсетіліп, елдің экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы баспа материалдары таратылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/960979?lang=kk

Жауап қалдыру