
Астанада құқыққорғау органдары өкілдерінің халықты түрлі алаяқтық әрекеттерден сақтандыру бойынша халықпен кездесулері өтіп жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мұндай жиынды Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары Есіл ауданындағы №54 «Нұр-ай» балабақшасының ұжымы мен ата-аналары үшін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова балабақшада өткен жиында «Қаржы пирамидалары, қаржылық алаяқтық құрығына түспеу» тақырыбында ақпарат берді.
«Қазір оңай ақша табудың жолын ұсынатын жарнаманың түр-түрі кездеседі. Олардың бәрі дұрыс жолға бастамайды. 2021 жылдан бастап Қазақстанда 100-ге жуық қаржы пирамидасы жойылды.
Олардың азаматтарға келтірген шығыны – 37 млрд теңге болды, 86 мың салымшы анықталды. 226 адам сотталды. Бұлар қаржы пирамидасы екені нақты дәлелденіп, сотқа өткендері ғана, ал одан басқа әлі дәлелденбей жатқаны қаншама», – дейді А.Жалғасова.
Қаржы пирамидалары бойынша қылмыстарды тергеп-тексеру амалдарын жүргізумен ұзақ жылдар бойы айналысқан маман бұл салада мол тәжірибесі бар қызметкер ретінде көпшілікке алаяқтар құрбаны болмаудың амалдарын түсіндірді, олардың халықтың қалтасын қалай да қағу үшін баратын айла-шарғысын баяндап, қаржы пирамидаларының белгілерін атап берді. Ол әсіресе, отбасының жағдайын барынша көтеруге күйеуінен гөрі көбірек ұмтылатын әйелдер қауымы, декреттегі және үй шаруасындағы қыз-келіншектер және жасы келген қарттар сондай пирамидалар мен алаяқтардың құрығына тез түсіп қалатынын жеткізді.
«Қаржы пирамидасы екенін ажыратудың қарапайым белгілері бар. Біріншісі, ешқандай күш жұмсамай, өте көп табысқа кенелетініңізге үйіп-төгіп уәде беруі. Екінші, міндетті түрде жаңа клиенттер табуға шақыру. Үшінші, ғаламтордағы аспаннан алтын жаудыратын ғажайып жарнамасы, алайда жұмыс берушінің жүзін көрсетпеуі.
Төртінші, компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында ғана тіркелуі. Қаржы тартуға лицензиясының болмауы. Бесінші, заңдық қолдауының жоқтығы.
Алтыншы, салымды немесе жарнаны қолма қол, криптавалютамен немесе мобильді банк аударымдары арқылы төлеткізуі. Сол үшін түбіртектердің берілмеуі. Негізгі белгілері осылар. Алайда заманауи қаржы пирамидалары қулығын асыруды үйреніп, түрлі инвестициялық жобалар, желілік маркетинг, тұтынушылық кооперативтері, криптобизнестің атын жамылып, астыртын әрекет етуде», – дейді маман.
Жиын барысында ата-аналарға қаржы пирамидаларының белгілері туралы түсірілген арнайы бейнероликтер көрсетілді. Департамент өкілдері халықтың көзін ашып, құқықтық сауаттылығын арттыратын осындай кездесулерді барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында өткізуді жоспарлап отыр.
#законипорядок #заңментәртіп

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1151467?lang=kk

Жауап қалдыру