
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің қызметкерлері үшін оқыту іс-шарасын өткізді.
Оқу бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында Субъектілер мен тексеру объектілерінің бірыңғай реестрі және Әкімшілік өндірістердің бірыңғай реестрі ақпараттық жүйелерін дұрыс, заңды және біркелкі қолдану мәселелеріне арналды. Іс-шара онлайн форматта өткізіліп, Комитеттің барлық қызметкерлері қатысты.
Оқу барысында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мамандары ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу тәртібін, деректерді енгізу мен өңдеудің ерекшеліктерін, сондай-ақ ақпараттың заңдылығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету талаптарын жан-жақты түсіндірді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибеде туындайтын мәселелер бойынша түсіндірмелер алу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған іс-шара қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға, бақылау және қадағалау қызметінің сапасын жетілдіруге, сондай-ақ құқық қолдану практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Атомдық қадағалау және бақылау комитеті мемлекеттік бақылау мен қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды одан әрі жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atomic-control/press/news/details/1151266?lang=kk

Жауап қалдыру