ШҚО агроөнеркәсіп кешені тұрақты өсім көрсетуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып отыр: өсімдік және мал шаруашылығында өнім көлемі ұлғайып, инвестициялар мен өңдеу саласы қарқынды дамуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Каджибекова хабарлады.

Оның айтуынша, АӨК өнімінің жалпы көлемі 554,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға өсті. Өсімнің негізгі үлесін мал шаруашылығы саласы қамтамасыз етті.

Облыстың ауыл шаруашылығына 40,7 млрд теңге инвестиция салынды. Қаражат өндірісті жаңғыртуға, техниканы жаңартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Сонымен қатар өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді: азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі шамамен 10%-ға өсіп, 285,1 млрд теңгені құрады. Ет өнімдері, жарма, балық, ірімшік пен сары май өндірісі айтарлықтай ұлғайды.

Сүтті мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Облыста 33 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. 2025 жылы Алтай ауданында 1000-нан астам ірі қараға арналған жаңа заманауи ферма іске қосылды. Жыл қорытындысында 260,5 мың тонна сүт өндірілді, ал сүт өңдеу көлемі 28%-ға өсті. Қазіргі таңда ШҚО шикі сүт өндірісі бойынша республикада алғашқы бестікке кіреді. Өндірістің жартысынан астамы ұйымдасқан шаруашылықтарда өндіріледі, бұл саланың индустриялық деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.

Өсімдік шаруашылығында да мемлекеттік қолдаудың нәтижесі байқалады: егіс алқаптарының 20%-ы элиталық тұқыммен себілді, ал қолданылған тыңайтқыш көлемі 61 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті.

Ауылдық аумақтарды дамытудағы маңызды құралдардың бірі — «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама аясында 2,5 млрд теңгеге 187 жоба қаржыландырылып, 362 жаңа жұмыс орны құрылды. Фермерлердің ұсыныстары негізінде бағдарлама жетілдіріліп, ара шаруашылығы мен марал шаруашылығын қолдау бағыттары қосылды, сондай-ақ малды облыс ішінде сатып алу мүмкіндігі кеңейтілді.

Аймақта smart-технологиялар мен цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына негіз қалайды.

Бүгінде өңірдің агроөнеркәсіп кешені шикізаттық бағыттан өңдеуге және технологиялық өндіріс моделіне кезең-кезеңімен көшуде. Бұл ауылдық аумақтардың ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі болып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-shemonaiha-vavilon/press/news/details/1151730?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді