
Бүгін Түркістан қаласының білім бөлімі құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасында заңға деген құрметті қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында маңызды кездесу өткізді. Іс-шара Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін мектепте «Өзіңді тану – дұрыс шешімге апаратын жол» тақырыбында ұйымдастырылды.
Кездесуге Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев, Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев және Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет арнайы қатысып, жасөспірімдермен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты.
Іс-шара барысында оқушыларға арналған тәрбиелік бағыттағы бейнеролик көрсетіліп, жасөспірімдердің мінез-құлқы, жауапкершілігі, заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және дұрыс өмірлік таңдау жасау тақырыптары кеңінен қозғалды. Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, заңды сақтаудың маңыздылығын, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің әр азамат үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Сондай-ақ, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауаптар беріліп, ашық диалог орнады. Кездесу жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз-өзіне сенімді болуға және болашақта саналы шешім қабылдауына оң әсер етті.
Мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақты заңға бағынатын, жауапты әрі саналы азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-turkestan-city/press/news/details/1150901?lang=kk

Жауап қалдыру