
Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының II бөлімі елеулі түрде қайта қаралып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп қайта аталды. Жаңартылған бөлім адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ конституциялық міндеттерді біртұтас жүйеге біріктіруге және құқықтық реттеудің айқындығын арттыруға бағытталған.
Құқықтар мен міндеттердің жүйеленуі
II бөлімнің қайта аталуы мен құрылымдық жаңартылуы конституциялық архитектурадағы маңызды концептуалдық өзгерісті білдіреді. Құқықтар, бостандықтар мен міндеттердің бір бөлімде шоғырлануы «құқық – міндет» теңгерімін қамтамасыз етуге және конституциялық нормаларды қолданудың логикалық тұтастығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Азаматтық институтын нақтылау
Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтығы саласындағы шектеулер, сондай-ақ азаматтықты тоқтатудың шарттары мен негіздері нақтыланды. Конституцияның 12-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматы қос немесе көп азаматтыққа ие бола алмайды. Өзге мемлекеттің азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болып табылады.
Бұл норма азаматтықтың біртұтастығына қатысты құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, қос немесе көп азаматтыққа тыйым салу мен оның құқықтық салдары арасындағы тікелей конституциялық байланысты бекітеді. Нәтижесінде көші-қон-құқықтық үдерістерді басқару тиімділігі артып, азаматтың бірыңғай құқықтық мәртебесі қамтамасыз етіледі және жария-құқықтық міндеттер қақтығысының тәуекелдері төмендейді.
Өмір сүру құқығының абсолютті сипаты
Өмір сүру құқығы әрбір адамның абсолютті әрі ажырамас құқығы ретінде конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл норма жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің құндылықтық негізін күшейтіп, мемлекет тарапынан қолданылатын шектеулер мен мәжбүрлеу шараларының рұқсат етілуін бағалау кезінде, сондай-ақ адамның физикалық тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатысты дауларды шешуде негізгі бағдар қызметін атқарады.
Жеке бас бостандығы және кінәсіздік презумпциясы
Әрбір адамға жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылыққа кепілдік беріледі, сондай-ақ ұстау кезінде адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің негіздері нақтыланды. Кінәсіздік презумпциясы II бөлімде негізгі конституциялық қағидат ретінде бекітілді.
Іс жүргізу кепілдіктерін конституциялық деңгейде кеңейту ерікті түрде бас бостандығынан айырудан қорғау стандарттарын күшейтеді және құқық қорғау органдарының адаммен алғашқы байланыс кезіндегі іс-әрекеттеріне қойылатын талаптарды арттырады. Кінәсіздік презумпциясының негізгі құқықтар бөліміне енгізілуі оны барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін міндетті жалпы конституциялық стандартқа айналдырады.
Адам қадір-қасиетінің қорғалуы
Конституцияда ар-намыспен қатар адамның қадір-қасиетінің қолсұғылмауы және оның заңмен қорғалуы кепілдігі бекітілді. Бұл норма адамға құрмет пен ізгілік қағидаттарын мемлекеттің негізгі құндылықтары ретінде орнықтырады.
Жеке өмірге қолсұғылмаушылық кепілдіктерін кеңейту
Жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа, жеке және отбасылық құпияға, сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы қорғауға құқық нақтыланды.
Конституциялық кепілдіктер банк операцияларының, салымдар мен жинақтардың, хат алмасулардың, телефон арқылы сөйлесулердің, пошта және өзге де байланыс құралдары арқылы берілетін хабарламалардың, соның ішінде электрондық коммуникациялардың құпиясын қамтиды. Бұл норма жеке өмірді қорғауды қазіргі заманғы қаржылық және цифрлық шындықтарға бейімдейді.
Ескірген нормаларды алып тастау
Конституциядан адамның партиялық және діни қатыстылығын көрсету немесе көрсетпеу құқығына қатысты ескірген ережелер алынып тасталды.
Шығармашылық еркіндігі және ақпарат тарату
Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігін бекіту инновациялық даму, жаңа технологияларды енгізу және білім экономикасын қалыптастыру үшін құқықтық негіз қалайды.
Ақпаратты тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығына, қоғамдық адамгершілікке және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс.
Еңбек ету құқығын нақтылау
Конституцияда «еңбек бостандығы» ұғымының орнына еңбек ету құқығы нақты бекітілді. Бұл норма Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді.
Еңбек ету құқығына басымдық беру оның әлеуметтік-құқықтық сипатын күшейтіп, мемлекеттің осы құқықты іске асыру үшін жағдай жасау жөніндегі оң міндеттемелерін айқындайды.
Неке институтын конституциялық бекіту
Неке заңға сәйкес мемлекет тіркеген ерлер мен әйелдердің ерікті және тең құқылы одағы болып табылады деген норма енгізілді.
Бұл отбасылық мәртебенің құқықтық айқындығын қамтамасыз етіп, ерлі-зайыптылардың, балалардың құқықтарын қорғау және отбасылық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге конституциялық бағдар береді.
Білім берудегі зайырлылық қағидаты
Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарындағы білім беру және тәрбиелеу жүйесі рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, зайырлы сипатта болатыны нақтыланды.
Аталған норма мемлекеттің зайырлы сипаты мен ар-ождан бостандығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың бейтараптығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Экологиялық міндет
Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндеті конституциялық деңгейде бекітілді.
Бұл экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығын арттырып, табиғатты қорғау саласындағы заңнама мен құқық қолдану практикасы үшін құндылықтық және нормативтік бағдар қалыптастырады.
Пассивті сайлау құқығын іске асыру шарттары
Белсенді сайлау құқығымен қатар пассивті сайлау құқығын іске асыру шарттары да белгіленді. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі сотпен белгіленген азаматтар сайлануға құқылы емес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1152131?lang=kk

Жауап қалдыру