Астанада 11 медициналық мекеме салынады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында салынып жатқан медициналық нысандар туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Соңғы 10 жылда елордада босану саны 35%-ға артты, соның салдарынан қалалық акушерлік стационарлар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп келеді. Осы мәселені шешу үшін қалада әрқайсысы 250 орынға арналған екі перинаталдық орталық салынатын болады.

Алғашқы перинаталдық орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынады.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмысы жүріп жатыр, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Екінші перинаталдық орталық бойынша биыл жобалау жұмысын аяқтау, ал нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жедел медициналық жәрдемді дамыту аясында жақын уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің (ҚДК) құрылысы аяқталады.

Бұл жедел медициналық жәрдемнің қолжетімділігі мен көрсетілу жылдамдығының артуына мүмкіндік беріп, стационарлық көмектің флагманына айналады.
Сол сияқты «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен Сарыарқа ауданындағы №3 жаңа көпбейінді қалалық аурухананың (КҚА-3) жобалау жұмысы жалғасып жатыр.

Балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмекке ерекше назар аударылады. 2026 жылдың 15 ақпанына дейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандары үшін балаларға арналған травматологиялық пункт жұмысын бастайды. Бұл оң жағалауда орналасқан қолданыстағы балалар травмпунктіне түсетін жүктемені едәуір азайтып, балаларға арналған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жаңа нысанның құрылысы көзделген. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем станциялары бар», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1152208?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді