Кене энцефалиті және оның алдын алу шаралары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласының маңайы кене энцефалитінің қоздырғыштарын тасымалдаушы иксодты кенелер таралған эндемиялық аймақтарға жатады. Кенелер ерте көктемнен кеш күзге дейін белсенді болады, олардың ең жоғары белсенділігі сәуір – маусым айларына сәйкес келеді, бұл кезеңде кенелердің саны да ең көп болады. Кенелердің белсенділігі көбінесе ауа райы жағдайларына, атап айтқанда ауа температурасы мен топырақтың ылғалдылығына байланысты.

 

Кене энцефалиті – иксодты кенелер арқылы жұғатын вирустық ауру, ол орталық және шеткі жүйке жүйелерінің зақымдалуына әкеліп, ауыр асқынулар тудырады. Аурудың салдары толық сауығудан бастап, денсаулықтың бұзылуына, мүгедектікке және өлімге дейін жетуі мүмкін.

 

Аурудың инкубациялық (жасырын) кезеңі көбінесе 7-14 күнді құрайды, алайда 1 күннен 30 күнге дейін ауытқуы мүмкін. Ауру жедел басталып, қалтыраумен, қатты бас ауруымен, дене қызуының 38–39°С-қа дейін көтерілуімен, жүрек айнумен және құсумен сипатталады. Бұлшықет ауыруы, әсіресе мойын мен иық аймағында, кеуде және бел омыртқасында, сондай-ақ аяқ-қолдарда жиі байқалады.

 

Адамдар аурушаңдықты кене шаққанда немесе немесе оны кездейсоқ мыжыған кезде жұқтырады. Сонымен қатар, ауру жұқтырылған шикі ешкі сүтін және одан дайындалған сүт өнімдерін тұтыну арқылы да берілуі мүмкін.

 

Кене энцефалитін орманда, саяжайларда, бақша-көкөніс учаскелерінде жұқтыруға болады, сондай-ақ кененің басқа адамның киімінен, мысықтар мен иттерден, саяжайдан әкелінген гүл шоқтарынан немесе көлік ішінде ауысуы кезінде де жұғуы мүмкін.

 

Кене энцефалитін алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Көрсетілімдер бойынша егулер тұрғылықты жері (немесе тіркелген жері) бойынша емханаларда дәрігердің кеңесінен кейін жүргізіледі.

 

Вакцинация кене энцефалитінің табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін адамдарға жүргізіледі. Алғашқы вакцинация курсы үш дозадан тұрады. Кенелердің көктемгі белсенділігі басталғанға дейін иммунитет қалыптастыру үшін бірінші және екінші дозаларды қыс айларында 1–3 ай аралығымен енгізу ұсынылады.

 

Үшінші доза екінші дозадан кейін 5–12 ай өткен соң енгізіледі. Алғашқы вакцинация курсы үш жылға дейін қорғаныс қамтамасыз етеді. Үшінші дозадан кейін үш жылдан соң алғашқы ревакцинация жүргізіледі. Кейінгі ревакцинация 60 жасқа дейінгі адамдарға әр 5 жыл сайын, ал 60 жастан асқан адамдарға әр 3 жыл сайын жүргізіледі.

 

Қыс мезгілінде екпе алып үлгермеген адамдар үшін шұғыл вакцинациялау схемасы қарастырылған. Ол екі апта аралықпен салынатын екі екпеден тұрады.     

 

Кене энцефалитіне қарсы толық вакцинация курсын эндемиялық аумаққа шығудан кемінде 2 апта бұрын аяқтау қажет.

 

Кенелердің белсенділік маусымында тұрғындардан ерекше сақтық шараларын сақтау талап етіледі. Орман алқаптарында, саяжай учаскелерінде жұмыс істегенде, табиғат аясында демалғанда, саябақтарда серуендегенде жеке профилактика шараларын қатаң сақтау қажет:

 

– кенені оңай байқау үшін ашық түсті, біркелкі киім кию, ұзын жеңді киім таңдау, шалбарды етікке немесе шұлыққа салып кию, бас киім немесе орамал тағу;

 

– кенелерді үркітетін репелленттік құралдарды қолдану;

 

– өзара және өзін-өзі жиі тексеру, үйге оралғаннан кейін киім мен денені мұқият қарап шығу.

 

Жабысқан кенені анықтаған жағдайда, мүмкіндігінше ертерек (кене жабысқаннан кейін 4 тәуліктен кешіктірмей) травматологиялық пункттерге жүгіну қажет. Онда білікті медициналық көмек көрсетіліп, көрсетілімдер бойынша кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізіледі.

 

Кене энцефалиті бойынша шұғыл көмек келесі медициналық ұйымдарда көрсетіледі (травматологиялық пункттер):

 

1. Орталық қалалық клиникалық ауруханасы;

 

2. Жедел жәрдем ауруханасы;

 

3. №4 қалалық клиникалық ауруханасы;

 

4. №7 қалалық клиникалық ауруханасы;

 

5. Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы.

 

Есіңізде болсын: қауіпсіздік шараларын сақтау, кене шаққан жағдайда медициналық көмекке ерте жүгіну, профилактикалық емді уақтылы жүргізу аурудың алдын алуға және қолайлы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-almaty/press/news/details/1152579?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді