
2026 жылғы 30 қаңтардан 2 наурызға дейін Отбасы банктегі ипотеканы зейнетақы жинағының артық ақшасымен төлеу уақытша тоқтатылады.
Бұған дейін қалай болатын?
Бұрын азаматтар зейнетақыдағы артық ақшасын ипотеканың ай сайынғы төлемін толық жабу үшін пайдалана алатын. Яғни зейнетақы ақшасы негізгі қарызды да,пайызын да қоса жауып беретін. Сол үшін көп адам ай сайынғы төлемді жеңілдетіп отырған.
Қазір не өзгерді?
Енді заңда «қарыз» деген сөздің орнына «негізгі қарыз» деп жазылды.
Бұл нені білдіреді?
Зейнетақы ақшасымен тек негізгі қарызды ғана жабуға болады. Ал пайызын, өсімпұлды және басқа төлемдерді міндетті түрде өз қалтаңнан төлеу керек. Яғни, зейнетақы ақшасы енді ай сайынғы төлемді толық жауып бермейді.
Неге қызмет уақытша тоқтатылды?
Отбасы банк жүйесін өзгертуі керек. Енді төлем екі бөлек жасалатын болады. Алдымен пайыздар мен қосымша төлемдерді – өз ақшаңмен төлейсің. Содан кейін негізгі қарызды зейнетақы ақшасымен жабасың. Осыны іске асыру үшін банк сайт пен қосымшаны жаңартып жатыр. Сол себепті өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды.
Қай кезде қайта ашылады?
2026 жылғы 30 қаңтардан 2 наурызға дейін өтінім қабылданбайды. 30 қаңтарға дейін тапсырылған өтінімдер бұрынғы ереже бойынша қаралады. 2 наурыздан кейін жаңа тәртіппен жұмыс басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1153960?lang=kk

Жауап қалдыру