Ақпан айының алғашқы бейсенбісі – Дүниежүзілік сайлау күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Ақпан айының алғашқы бейсенбісі жыл сайын әлем жұртшылығы үшін маңызды дата – Дүниежүзілік сайлау күні ретінде аталып өтеді.
Бұл бастама 2005 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық конференцияда бекітілген. Аталған күннің басты мақсаты – сайлау институтының маңыздылығын арттыру, азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ демократиялық құндылықтарды нығайту.
Қазақстан Республикасында сайлау жүйесі Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Сайлау комиссияларының қызметі заңмен нақты реттеліп, олардың ашықтығы мен заңдылығы қамтамасыз етіледі.
Сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттармен сайланады. Әрбір саяси партия тиісті сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатура ұсынуға құқылы. Сонымен қатар, саяси партиялар өз мүшелері болып табылмайтын азаматтарды да кандидат ретінде ұсыну мүмкіндігіне ие.
Мәслихат белгілеген мерзімде, яғни сайлау комиссияларын құру мерзіміне дейін кемінде он бес күн бұрын саяси партиялардан ұсыныстар түспеген жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бірлестіктердің және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсыныстары негізінде сайлайды.
Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын азаматтар комиссия жұмысына қатысуға келісетінін растайтын өтініштерін қоса ұсынады. Сайлау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары және хатшысы комиссия отырысында сайланады.
Мәслихаттар сайлайтын аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері Орталық сайлау комиссиясы бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру процесі олардың өкілеттік мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын басталып, өкілеттік мерзімінің аяқталуына үш күн қалғанда аяқталады. Сонымен қатар, сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыратын органдар өкілеттік мерзімі ішінде олардың құрамына өзгерістер енгізуге құқылы.
Дүниежүзілік сайлау күні – сайлау жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудегі сайлау комиссияларының рөлін айқындайтын, азаматтардың сайлау процесіне деген сенімін арттыруға бағытталған маңызды күн. Бұл күн демократиялық қоғам құру жолындағы ортақ жауапкершілікті еске салады.
 
Төлеби аудандық мәслихат
аппаратының бөлім басшысы ​​​​​Мұрат Паңбай

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1154418?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді