
Ақтөбе облысының Хромтау қаласында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімін ашты. Нысан азаматтық қорғау органдарының инфрақұрылымын кезең кезеңімен реновациялау бойынша ведомство жүргізіп отырған жұмыс аясында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жаңартылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, қызмет ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
1977 жылы салынған өрт сөндіру бөлімі көптеген жылдар бойы тұрғындарды төтенше жағдайлардан қорғап келді. Сонымен бірге ғимарат пен қызмет өткеру жағдайы жаңартуды қажет етті. Күрделі жөндеу және техникалық қайта жаңғырту барысында әкімшілік корпус, гараж бокстары мен тұрғын жатақхана жаңартылып, құтқарушылар қызметіне қойылатын заманауи талаптарға сәйкестендірілді.
Бүгінде бөлімше оқу сыныптарымен, асханамен, душпен, заманауи диспетчерлік жүйелермен, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекетімен, жарақтарды сақтауға арналған қоймалармен және өрт сөндіру-құтқару техникасына арналған кең бокстармен жарақталды. Жеке құрам үшін демалыс пен тұрмысқа қолайлы жағдай жасалып, «Batyr team» спорт залы ашылды. Бұл құтқарушылардың дене және кәсіби дайындығын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.
Іс-шара аясында қызметкерлерге қызметтік тұрғын үйдің кілттері табысталды. Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан жергілікті атқарушы органдардың өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Өрт сөндіру бөлімі халқының саны 46 мыңнан асатын Хромтау қаласы мен Хромтау ауданының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1157082?lang=kk

Жауап қалдыру