
«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін бірегей бастама екені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен партия бастамасы мемлекеттік бағдарлама болып түзіліп, оның аясында 2,5% жылдық мөлшерлемемен 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беру механизмі қалыптасты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы Келес ауданында тұрақты түрде іске асырылып, ауыл шаруашылығының дамуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына нақты ықпалын тигізіп отыр. Жоба ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын көбейтуге бағытталып, өз нәтижесін беруде. 2023-2025 жылдар аралығында бағдарлама шеңберінде Келес ауданында 339 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 750 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл тұрғындары қолға алған жобалар негізінен мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға, жылыжай шаруашылығын кеңейтуге, балық және құс өсіруді жолға қоюға бағытталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтері қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың жеке кәсібін бастауына мүмкіндік жасалды. Осы кезеңде аймақта бірнеше шағын өндіріс орындары да іске қосылды.
2025 жылы жүзеге асырылған бастамалар қатарында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жүзім шаруашылығын дамыту, сондай-ақ тігін бағытында шағын өндіріс орындарын ашу жұмыстары бар. Бұл жобалар жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде.
2026 жылға өңдеу саласына басымдық беріліп, кемінде төрт кооператив құру жоспарланып отыр. Осы мақсатта Абай ауылында сүт өндіру кооперативін, ал Бірлесу ауылдық округінде құлпынай өсіру кооперативін құру бойынша қажетті құжаттар тиісті мекемелерге жолданды.
Қазіргі кезде Бірлік ауылдық округінде өндірістік парк ашу үшін арнайы жер учаскесі белгіленді. Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша жем-шөп дайындайтын цех салу және мал бордақылау алаңдарын бірыңғай үлгіде орналастыру көзделуде. Ал Ақтөбе ауылдық округінде балық шаруашылығын дамыту жөнінде ұсыныстар беріліп, алдағы уақытта балық өнімдерін сататын шағын сауда нүктесін ашу жоспарлануда.
Бағдарлама аясында тұрғындарға кәсіп ашу мүмкіндіктерін түсіндіру бағытындағы ақпараттық-кеңес беру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша жобаға қатысуға ниетті азаматтардың тізімі жасақталып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бірқатар жобалардың құжаттарын әзірлеу жұмыстары атқарылуда.
«Ауыл аманаты» жобасының тиімді жүзеге асырылуы ауылдық аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың табысын көбейтуге және өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді дейді сала мамандары, Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бастамаларының жүзеге асуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының және жергілікті партия құрылымының тұрақты бақылауында болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1157914?lang=kk

Жауап қалдыру