
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатында топ жарып, аудан абыройын асқақтатқан жас спортшы Кәусар Батырбекпен кездесті. Жас спортшыға естелік сый-сияпаттар мен арнайы алғыс табыстап, алдағы жарыстарда толағай табыстар тіледі. Аудан басшысы Сарыағаш ауданының спорт саласындағы жетістіктері тағы бір үлкен жеңіспен толыққанын атап өтіп, бұл табыстың күшті рухтың, үздіксіз жаттығу мен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін жеткізді. Сондай-ақ, жасына қарамастан үлкен жетістікке жеткен спортшының жеңісіне ерекше тоқталды.
-Сізді жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Республикалық деңгейге дейін жетіп, жеңіс тұғырынан көріну — үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Мұндай жетістік кез келген спортшы бұйыра бермейді. Сіздің жеңісіңіз — Түркістан облысының, оның ішінде Сарыағаш ауданының зор мақтанышы. Ата-анаңыздың қуанышы болып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беріңіз. Осы жетістікке жету жолында бала күнінен спортқа баулыған жаттықтырушылардың және отбасының еңбегі өлшеусіз, — деп ізгі тілегін білдірді аудан әкімі.
Айта кетсек, аталған республикалық чемпионат 2026 жылдың 19–31 қаңтар күндері аралығында Түркістан қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтті. Дүбірлі додада классикалық, жылдам (рапид) және найзағай жылдам (блиц) шахмат түрлері бойынша сынға түскен Кәусар Батырбек рапид түрінен І орынды жеңіп алды. Кәусар Батырбек — Сарыағаш аудандық №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Жас спортшы небәрі 5 жаста болса да, осындай биік жетістікке қол жеткізіп, аудан мерейін үстем етті.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1157920?lang=kk

Жауап қалдыру