
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту бағытында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, 2026 жылға жоспарланған міндеттермен бөлісті. Кездесу алдында аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген ұсыныс-пікірлерді тыңдап, заң аясында түсіндірме берді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселе назарға алынып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді. Жиын барысында Арман Абдуллаев тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне ауыл тұрғындары оң бағасын берді.
2025 жылы Ақжар елді мекені аумағындағы КХ-49 облыстық маңызы бар автомобиль жолының 25-шақырымында, Ханым каналы арқылы өтетін көпірге орташа жөндеу жұмыстары мердігер – «MARDEN Group» ЖШС тарапынан жүргізілді. Сонымен қатар, Д.Қонаев көшесінің 2,3 шақырым аумағына суағар орнатылып, бұл жұмыстарды «Bairkum company» ЖШС жүзеге асырды. Жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізіліп, арнасы кеңейтілді. Бағыс елді мекеніндегі Алматы, Егемендік, Түркістан және Бейбітшілік көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліді. Сондай-ақ Алматы, Егемендік және Түркістан көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары «ART GROUP» ЖШС тарапынан орындалды.
2026 жылға жоспарланған жұмыстарға сәйкес Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Аталған жоба 2025 жылдан өтпелі болып табылады және мердігер ұйым ретінде «Сақ-Құрылыс» ЖШС бекітілген. Бұдан бөлек, Күншуақ көшесінде балаларға арналған ойын және спорт алаңшасын салу, С.Мырзахмет, А.Байтұрсынов, Батырхан ата, Бегалы ата және Қажымұхан көшелеріне жарық шам бағаналарын орнату, Қасымхан, О.Тұрғанбек, Д.Қонаев және Ешмат ата көшелеріндегі жарық шамдарын жөндеу, Қасымхан көшесінде орналасқан арка мен төлқұжатты жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын қашыртқыларды механикалық тазалаудан өткізу жұмыстары жоспарланған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1158755?lang=kk

Жауап қалдыру