
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте өңірде су тасқыны қаупі бар 71 елді мекен бар екенін хабарлады.
Жол карталары, инженерлік жұмыстар жоспары және басқа да бағдарламалар аясында жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардан соң 16 елді мекенде су басу қаупі толық жойылды, 50 ауылда тәуекел барынша төмендетілді, 5 елді мекенде қауіп сақталуда.
Су тасқыны жағдайы күрделене түссе күштер мен құралдар тобы жасақталған. Оның құрамында 3146 адам, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа бар.
Күштер мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 1 тікұшағы тұрақты дайындықта тұр. Төтенше жағдай кезінде тұрғындарды уақытша орналастыру мақсатында жалпы 21 мыңнан астам адамға есептелген 182 қабылдау пункті дайындалды.
Су тасқыны жағдайы нашарласа халықты құлақтандыру 48 сиреналық құрылғысы, SMS-хабарлама тарату, телерадио хабарларын үзу арқылы және «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Төтенше жағдай туындағанда «Mass Alert» халықты хабарландыру жүйесі іске қосылады.
«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы мамандарының мәліметінше, облыстың жазық аумақтарының басым бөлігінде суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшері нормадан 112–146% жоғары. Метеостанциялар деректеріне сәйкес, қар қорларының орташа көпжылдық көрсеткіштен артуы Шемонаиха ауданында (нақтысы — 170 мм), Үлкен Нарын ауданында (86 мм), Тарбағатай ауданында (56 мм) және Зайсан ауданында (65 мм) байқалады.
Қар жамылғысының биіктігі Марқакөл ауданында (Боран ауылы) 8 см-ден Алтай және Глубокое аудандарында 80–90 см-ге дейін жетеді. Облыс аумағының басым бөлігінде топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері нормадан жоғары, 16%-дан 99%-ға дейін ауытқиды. Орташа көпжылдық мәннен жоғары көрсеткіштер Алтай және Глубокое аудандарында тіркелген. Топырақтың қату тереңдігі 28–90 см аралығында. Ең жоғары қату тереңдігі Үлкен Нарын ауданында — 90 см, Тарбағатай ауданында — 84 см. Өткен жылмен салыстырғанда қату тереңдігі Самар ауданында — 51 см (14 см) және Тарбағатай ауданында — 84 см жоғары.
2026 жылғы ақпан айының бірінші онкүндігінде жауын-шашын мөлшерінің онкүндік нормадан артуы Алтай, Самар, Үлкен Нарын, Глубокое аудандарында, Риддер және Өскемен қалаларында байқалды. Қалған аудандарда жауын-шашын норма шамасында немесе одан төмен түскен. Гидрологиялық жағдай жалпы тұрақты. Су шығыны мен деңгейі осы кезеңге тән және қауіпті шектен төмен. Өзендердің басым бөлігінде мұз қатқан, кей жерлерде толық емес мұз қату байқалады. Өзендердегі мұз қалыңдығы 18–68 см, Бұқтырма су қоймасында 30–72 см аралығында. Консультативтік ауа райы болжамына сәйкес, ақпан мен наурыз айлары жылы болады. Ауаның орташа температурасы облыстың көп бөлігінде климаттық нормадан 1–2° жоғары болжанып отыр.
Наурыз айында облыс аумағы бойынша жауын-шашын мөлшері нормадан көп болады деп күтіледі. Жауын-шашын көлемі, қардағы су қоры, топырақтың күзгі ылғалдануы, қату тереңдігі, сондай-ақ қыс мезгілінде күндізгі оң температуралардың жиі құбылуы мен суықтың қайта оралуына байланысты топырақ бетінде мұз қабығының пайда болу ықтималдығын талдау негізінде Шығыс Қазақстан облысы су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына жатады. Жоғары тәуекел келесі аудандарда: Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан, Үлкен Нарын күтіледі.
Дереккөз: ШҚО ТЖД

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1158775?lang=kk

Жауап қалдыру