
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Үкіметтің биылғы жоспары туралы баяндама жасады. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелеріне тоқталды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясаты және инфляцияны төмендету шаралары жөнінде есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа және жаңа Конституция жобасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы реформаның ашық түрде, азаматтардың қатысуымен жүзеге асқанын атап өтті. Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді және барлық саяси институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, жаңа Негізгі Заңда адам құқығы мен бостандықтарын қорғау, білім, ғылым, инновациялар, мәдениет пен ұлттық мүдделердің сақталуы басты орын алады. Сонымен қатар, Конституция жобасында әлеуметтік және дәстүрлі құндылықтар, тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны, экологияны қорғау мәселелері қарастырылған.
Экономикалық даму және инфляцияны төмендету
Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің сапалы болуы, халықтың әл-ауқатының артуы маңызды екенін айтты. Үкіметке тұрақты өсім моделі енгізу, инвестицияларды арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономиканың негізгі тірегіне айналдыру тапсырылды.
Инфляцияны төмендету үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуі керек. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, салықтық әкімшілендіруді цифрлық жүйеге көшіру және экономиканы орнықты дамыту басымдық ретінде белгіленді.
Аймақтарды дамыту және цифрлық трансформация
Басқару тиімділігін арттыру үшін аймақтардағы бюджеттік жоспарлау мен инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болып саналады. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллект және цифрлық технологияны қолдану деген сөз.
Президенттің тапсырмасымен Конституциялық заң әзірленіп, Парламентке ұсынылды. Мемлекет басшысы жобаның артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Білім және денсаулық саласы
Білім саласында қаржыны тиімді пайдалану, мамандарды даярлау жүйесін жаңарту, жасанды интеллектіні енгізуге арналған мамандарды даярлау қажеттігі айтылды. Денсаулық сақтау жүйесінде жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйенің бар екенін және олардың бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсе де, сол күйі жасалмағанын айтты. Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырды.
Мал шаруашылығы
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде мал шаруашылығын дамыту әлеуеті мол, бірақ толық пайдаланылмай отыр. Өнімдердің басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі (еттің 60%, сүттің 80%), бұл өнімділікті арттыруға кедергі болып тұр.
Президент атап өткендей, шаруаларды кооперацияға біріктіру қажет. Үкімет 1 қыркүйекке дейін Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заңды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау жүйесін ашық ету, субсидиялау үдерісін цифрландыру арқылы шаруалардың міндеттемесін бақылауға алу маңызды.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін ветеринарлық қауіпсіздік жүйесі сапалы болуға тиіс. Ашығын айтқанда, Қазақстанда бұл сала кенжелеп тұр. Еліміздегі 168 зертхананың жиырма жетісі ғана халықаралық стандартқа сай келеді. Мал дәрігерлерінің жұмысы толық бақылауға алынбаған. Соңғы үш жылда малға екпе салдық деп 30 мың жалған құжат жасалды.
Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс.
Табиғи апаттарға дайындық
Құзырлы органдар биыл кейбір өңірлерде су тасқыны мен құрғақшылық қаупін болжауда. Үкімет алдын ала нақты іс-қимыл жоспарын жасап, цифрлық технологияларды тиімді қолдануы қажет. Егіс алқаптары мен инфрақұрылымды қорғау шаралары уақытында қабылдануы тиіс, қиындықтар туындаған кезде ғана әрекет етуге болмайды. Көктемге дейін әкімдіктермен бірге су тасқынына қарсы шараларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін Президент ерекше атады.
Экономиканы ырықтандыру
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік активтерді жекешелендіру баяу жүруде, бұл бизнеске кедергі келтіруде. Үкімет бір ай ішінде нақты шешім қабылдап, бизнеске шын мәнінде қолайлы жағдай жасауы тиіс.
Логистика
Президент логистика саласын дамыту – стратегиялық міндет екенін атап өтті. Көлік-тасымал саласы өнеркәсіп және инвестиция саясатымен бірге біртұтас жүйе ретінде қаралуы керек. Осы кезге дейін инфрақұрылымдық рөлі басым болған транзит саласы енді экономикалық сипатқа ие болады. Жаһандық бәсеке күшейіп тұрған қазіргі заманда бұл – өте маңызды қадам.
Қазір еліміздегі тауардың 60 пайызы теміржолмен тасымалданады. Сондықтан теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін қорытындылай келе, алдымызда ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Ол батыл әрі тиімді шешімдер қабылдап, оларды жедел жүзеге асыру қажеттігін, бәсекеге қабілетті ел болу басты мақсат екенін, ал үкімет пен жергілікті органдар әр тапсырманы сапалы орындап, елге нақты пайда әкелуі тиіс екенін айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1158873?lang=kk

Жауап қалдыру