ШҚО-да инвестиция, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, азық-түлік қауіпсіздігі және цифрландырудың өзекті мәселелері талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жиында Шығыс Қазақстанның бірқатар басқарма өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Туризм басқармасының басшылығы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы сапалы инвестиция тартудың тұтас стратегиясын қалыптастыру қажеттігін атап өткенін жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы 2026 жылды оң динамикамен бастады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 838 млрд теңгеден асып, 8,3 пайызға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар 1,6 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артты. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада үшінші орынға шықты.

Жалпыұлттық пулға жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 67 жоба енгізілген. Қазіргі таңда 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп саласы. Аймақтағы барлық инвестицияның 36 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Сонымен қатар туризм индустриясы қарқынды дамып келеді: өткен жылы салаға тартылған инвестициялар 69 пайызға өсіп, қонақүй және курорттық инфрақұрылым бойынша жаңа жобалар іске асырылуда.

Жиында меморандумдардан нақты жобаларға көшу, тұрақты өндірістер ашу және жаңа жұмыс орындарын құру міндеттері өзекті екені атап өтілді.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру және саланы цифрландыру бойынша нақты міндеттер жүктеген болатын.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 29 негізгі азық-түлік түрінің 14-і бойынша халықты қамтамасыз ету деңгейі 100 пайыздан асып отыр. Олардың қатарында нан және ұн өнімдері, еттің негізгі түрлері, балық, өсімдік майы, жарма, картоп пен көкөніс бар. Сонымен қатар қант, күріш және тұз секілді бірқатар өнім бойынша өзге өңірлерден жеткізуге тәуелділік сақталып отыр.

Аймақтағы тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі негізгі бағыттардың барлығын қамтиды. Атап айтқанда, ет, сүт, май, ұн-жарма, нан пісіру және балық өндірісі жолға қойылған.

Экспорттық әлеует те артып келеді. Өткен жылдың 11 айында АӨК өнімдерінің экспорты 367,3 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20,5 пайызға өсті. Оның 68 пайызы – қайта өңделген өнімдер.

Аймақта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өскемен қаласында жылына 169 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы «Алтай Май» ЖШС-нің май зауыты іске қосылды. Сондай-ақ сүт саласындағы кәсіпорындар жаңғыртылып, жаңа өндірістік нысандар салынып жатыр.

Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Сүт өндірісі 9 пайызға өсіп, 260,5 мың тоннаны құрады. Ірі қара мен жылқы саны да артқан. ШҚО сүт саласын дамыту бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің қатарында.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, субсидиялау жүйесін цифрландыру және мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өңір Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, АӨК тиімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

Президент цифрландыру мен жасанды интеллектті мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде бекітті. Осыған сәйкес Шығыс Қазақстан облысында жүйелі жұмыс қолға алынған.

Өңірде ақпараттық жүйелерді бірыңғай архитектураға көшіру жүзеге асырылып жатыр. Бұл функциялардың қайталануын жоюға, деректерді біріктіруге, жүйелерді сүйемелдеуге кететін шығындарды азайтуға және ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілуде, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді одан әрі орталықтандыру үшін базалық контур қалыптастырылуда.

Цифрлық трансформация картасы аясында: 9 басқарма бойынша 116 реестр мен 247 есеп цифрландырылды; мамандардың жұмыс уақыты 30 пайызға дейін үнемделді; деректердің сапасы мен өзектілігін бақылау күшейтілді.

Негізгі құралдардың бірі – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, қауіпсіздік және азаматтардың өтініштерін мониторингтеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде штабтық алаң ретінде пайдаланылатын Өңірлік талдау орталығы.

ТҮКШ саласында 23 жылу көзінің онлайн-мониторингі енгізіліп, деректер әр минут сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар 6 мыңнан астам бейнекамераның деректері, ауаның сапасы мен су тасқынын бақылауға арналған автоматтандырылған бекеттер, бейнеаналитика және жасанды интеллект элементтері қолданылып жатыр.

Интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар:  2025 жылы 53 ауыл интернетке қосылды; 2026 жылдың басынан бері тағы 19 елді мекен қамтылды; облыс халқының 98,5 пайызы байланыс қолжетімділігімен қамтамасыз етілген. Қалған 67 шағын елді мекенді 2026 жылдың соңына дейін мерзімінен бұрын қосу жоспарланып отыр.

Кадр даярлау мақсатында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Tomorrow School жобасы іске қосылды. Жоба цифрлық экономика мен жасанды интеллектті енгізу бағытында өңірлік мамандарды даярлауға бағытталған.

Өңірде цифрлық шешімдерді одан әрі дамытуға қажетті база қалыптасты. Келесі кезең – деректер сапасын арттыру және оларды басқарушылық шешімдер қабылдауда белсенді пайдалану.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1159710?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді