Екібастұз қаласының мектептерінде оқушылардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Киберқалқан» қалалық жобасы бастау алды. Жоба онлайн ортада жауапты әрі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Сынып сағаттары, тақырыптық сабақтар мен профилактикалық кездесулер барысында оқушыларға цифрлық гигиена қағидалары, жеке деректерді қорғау және кибербуллингтің алдын алу жолдары түсіндіріледі.
Практикалық дағдыларға ерекше көңіл бөлінеді: оқушылар фишингтік сілтемелерді, күмәнді хабарламаларды, қауіпті онлайн-челлендждерді тануға, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді қауіпсіз пайдалануға үйренеді. Жобаны іске асыруға сынып жетекшілерімен қатар педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер тартылған.
Профилактикалық жұмысқа ата-аналар да қамтылып отыр: олар үшін цифрлық тәуекелдер, интернетке тәуелділік және ата-аналық бақылау құралдары бойынша түсіндіру кездесулері мен кеңестер өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кешенді тәсіл балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін — мектепте де, үйде де — қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ekibastuz-goo/press/news/details/1160742?lang=kk

Жауап қалдыру