
Афина, 2025 жылғы 28 наурыз – Астана қаласының Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбек-ұлы бастаған делегация Грек Республикасына жұмыс сапарымен барып, Эллинико-Аргируполи муниципалитетінің басшылығымен бірқатар кездесулер, сондай-ақ мәдени және іскерлік іс-шараларға қатысты. Бұл сапар 2024 жылғы қазан айында Эллинико-Аргируполи мэрінің Астанаға жасаған сапары барысында қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асты.
Сапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация Политехникалық университет қаһармандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, сондай-ақ грек муниципалитетінің мэрі Яннис Константатоспен нақты келіссөздер жүргізді.
Тараптар бірлескен жұмыстың алдын ала нәтижелерін қорытындылап, серіктестікті дамытудың нақты қадамдарын айқындады. Қалалық орта, «ақылды» инфрақұрылым және экологиялық жобалар саласындағы тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегация «Experience Park Elliniko» кешеніне және бұрынғы Эллиникон әуежайы аумағындағы нысандарға барды, онда «Эллинико Жаңа қала» атты ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастама «ақылды қала» технологияларын енгізу және бірлескен инновациялық жобаларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау алаңы ретінде қарастырылуда.
Қалалық дамуға қатысты мәселелерден бөлек, тараптар туризм, мәдениет және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстандық делегациясы Ставрос Ниархос қоры орталығына барып, грек іскерлік және қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Кездесулер мен іс-шаралардың қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз болатынына сенім білдірді. Тараптар тәжірибе алмасуды жалғастыруға және аумақтардың тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетуге келісті.
Ынтымақтастық туралы меморандум аясында экономика, экология, білім және цифрлық технологиялар салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл Астана мен Афина арасындағы серіктестік қатынастарды муниципалдық деңгейде нығайтуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/964823?lang=kk

Жауап қалдыру