
13 ақпан 2026 жылы Шардара аудандық мәдениет сарайында 15 ақпан – Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 37 жыл және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстан Қазақстан жауынгерлерінің шығарылғанына 25 жыл толуына арналған аудандық салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға ауған соғысы мен басқа да шетелдік әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, әскери құрылым өкілдері, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды.
Салтанатты жиында баяндама жасап, құттықтау сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Абразахов Ерлан Ауған соғысы жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі мен ел алдындағы еңбегін атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғындыруда ардагерлердің өнегелі жолы ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Іс-шара барысында Ауған соғысының тарихына кеңінен тоқталды.
Атап айтқанда, 1979–1989 жылдар аралығында Ауғанстандағы әскери қимылдарға Шардара ауданынан 66 жауынгер аттанған. Ал 1992–2001 жылдары Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа ауданнан 24 жерлесіміз қатысып, ел намысын қорғады. Олардың ерлігі – ұрпаққа үлгі, тарихта өшпес із болып қалды.
Жиын кезінде отты жылдары қаза тапқан жауынгерлердің рухына 1 минут үнсіздік жарияланды. Сонымен қатар ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар азаматтар марапатталды.
Салтанатты шарада патриоттық әндер шырқалып, ардагерлерге арналған жылы лебіздер айтылды. Іс-шара соңында бейбіт өмірдің бағасын білуге, ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға шақыратын тілектер білдірілді.
Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен батырлығы – мәңгі жадымызда.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1161882?lang=kk

Жауап қалдыру