
«Референдум–2026» ақпараттық науқаны аясында өтіп жатқан онлайн марафон барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституция жобасының мазмұны мен оның Преамбуласының тарихи және құқықтық маңызына тоқталды.
Спикердің айтуынша, жаңа Конституцияның Преамбуласында алғаш рет Қазақстанның мыңдаған жылдық тарихи сабақтастығы айқын көрсетілген.
«Преамбулада алғаш рет Қазақстанның мыңдаған жылдық тарихи сабақтастығы аталып өтті. Жалпы кез келген Преамбула ұлттың мінезі мен рухын айқындайтын негіз ретінде қабылданады. Бұл норма Қазақстанның жас мемлекет емес, тарихы тереңде жатқан ел екенін көрсетеді», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Ол сондай-ақ Конституция жобасындағы жаңа бөлімге ерекше назар аударды. Ата заңда «Қазақстан Халық кеңесі» деп аталатын жаңа бөлім енгізіліп отыр. Бұл орган ең жоғары консультативтік орган ретінде Конституциялық мәртебеге ие болмақ.
Спикердің сөзінше, аталған өзгеріс ұлтаралық, дінаралық және конфессияаралық татулықты мәңгілік Конституциялық құндылық ретінде бекітіп, оны одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалайды.
Онлайн марафон Жаңа Конституция жобасын кеңінен түсіндіруге, оның мазмұнын қоғаммен ашық форматта талқылауға және азаматтардың белсенді қатысуына бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1161891?lang=kk

Жауап қалдыру