Екпін ауылында заманауи спорт кешені ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Ақсуат ауданының Екпін ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Спорттық нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Облыста спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа нысандарды пайдалануға беру, қолданыстағы спорт кешендерін жаңғырту, сондай-ақ, халықтың барлық санатын спортпен жүйелі түрде қамту негізгі басымдықтар ретінде айқындалды. Президентіміз бұқаралық спортты дамыту туралы үнемі айтып келеді. 2025 жылы маусымда іргетасы қаланған бұл нысан, міне, бар-жоғы 9 айдың ішінде пайдалануға беріліп отыр. Аумағы 1460 шаршы метр болатын кешенде 1500-ден астам ауыл тұрғыны волейбол, футбол, бокс, күрес сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады. Нысан заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Осындай спорт ғимаратының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», – деді облыс әкімі.

Off take келісім аясында бой көтерген екі қабатты кешен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысанды осы ауылдың тумасы Қайырлы Хасенов салған. Мұндағы спорт залдары мен жаттығу алаңдары тұрғындардың спортпен жыл бойы шұғылдануына мүмкіндік береді. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, футзал сияқты спорт түрлеріне арналған ойын залы, сондай-ақ, теннис залы мен веложол қарастырылған. Екінші қабатта толық жабдықталған күрес залы мен жұмыс кабинеттері орналасқан. Кешенде 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

2025 жылы өңір тұрғындарының игілігі үшін 3 жаңа спорт нысаны салынды. Жақында Семей қаласының Водный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Өңірде қазіргі уақытта 18 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Олардың барлығы 2026 жылы қолданысқа берілмек. Жаңа инфрақұрылым өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі жарыстарға сапалы дайындалуына мүмкіндік беріп, бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1161898?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді