
Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясын құру туралы жарияланды.
Бірлестік құрамына бес саяси партияның өкілдері және 300-ден астам қоғамдық ұйым енді. Қатысушылар қатарында Парламент пен мәслихат депутаттары, сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері, кәсіподақтар, салалық қауымдастықтар, мәдениет пен спорт қайраткерлері, сондай-ақ жастар ұйымдары бар.
Отырыс барысында Жаңа Конституция жобасы және оның елдің саяси жүйесін одан әрі дамытудағы маңызы талқыланды. Қатысушылар құжатта мемлекеттік институттарды жаңғырту, азаматтардың басқару ісіне қатысуын кеңейту және әлеуметтік кепілдіктерді нығайту көзделгенін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Конституция жобасы адам құқықтарының басымдығын және адами капиталды дамыту бағытын көрсететінін мәлімдеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин жаңартылған Негізгі заң технологиялық дамуға, ғылым мен инновацияның рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», Respublica, Қазақстанның Халық партиясы өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен сарапшылар сөз сөйледі.
Жобамен жұмыс Конституциялық комиссия аясында ашық форматта жүргізілгені ерекше атап өтілді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, талқылау барысында азаматтар мен кәсіби қауымдастықтардан шамамен 10 мың ұсыныс пен өтініш түскен.
Хабарланғандай, жақын уақытта Коалиция өкілдері өңірлерде түсіндіру кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-pavlodar-maysk/press/news/details/1162128?lang=kk

Жауап қалдыру