
Қала әкімі Ернат Бәзіл шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат Шаяхметов 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
«2026 жылға егіс алқабының көлемі 6208 гектарды құрайды. Қант қызылшасы 150 гектарға егілмек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 61 гектарға артық. Көктемгі дала жұмыстарына 120 тонна арзандатылған дизель отыны сұратылды. Биыл егін шаруашылығында 1136 тонна минералды тыңайтқыш қолданылады. 2025 жылы шаруалар 177,8 млн теңгеге 10 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта шығындардың 80%-ы мемлекет тарапынан субсидияланады. Биыл 300 млн теңге бөлініп, 105 гектар алқапта жаңа технология енгізу жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласына 279 млн теңге бөлініп, 17 несие беру көзделіп отыр», – деді Жанат Шаяхметов.
Кездесу барысында кооператив құру, Балықты өзенінің жағдайы, су үнемдеу технологияларын енгізу және инвестиция тарту мәселесі көтерілді. Сондай-ақ, дала еңбеккерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі ауыл шаруашылығы саласының қала дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі ауыл әкімдеріне кооперативтер құру жұмысын жандандыруды, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, Балықты өзеніне қатысты мәселені жүйелі бақылауға алуды және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1162871?lang=kk

Жауап қалдыру