
2026 жылғы 29 қаңтарда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының базасында электрондық кітапханаларды қалыптастыру және пайдалану кезінде авторлық құқықты сақтау мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитеті және Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Кеңеске мемлекеттік органдардың, кітапхана ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ авторлық құқық саласының мамандары қатысты. Кездесу барысында электрондық кітапханаларды қалыптастыру кезінде туындыларды құқықтық негізде пайдалану мәселелері, Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын практикалық қолданылу аспектілері, сондай-ақ кітапханалардың мүліктік құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарымен өзара іс-қимылы мәселелері қарастырылды.
Зияткерлік меншік құқығы комитетінің өкілдері 2025 жылғы қарашада қабылданған заңнамалық өзгерістердің ережелерін және олардың кітапханалар қызметі үшін, соның ішінде туындыларды цифрландыру және оларды электрондық форматта ұсыну кезінде авторлық құқық талаптарын сақтау бөлігіндегі практикалық маңызын түсіндірді.
Қатысушылар кітапхана қорларын цифрландыру, туындыларды электрондық жүйелерде орналастыру және пайдаланушыларға цифрлық ресурстарға құқықтық негізде қолжетімділікті қамтамасыз ету кезінде туындайтын проблемалық мәселелерге ерекше назар аударды. Талқылау қорытындысы бойынша кітапханалар қызметінде авторлық құқық объектілерін пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған, құқық иеленушілер мен қоғам мүдделерінің теңгерімін сақтауды көздейтін ұсыныстар әзірленді.
Кеңестің өткізілуі кәсіби диалог пен тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды. Қабылданған бастамалар кітапхана саласы қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік саласындағы құқықтық мәдениетті одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-kis/press/news/details/1163429?lang=kk

Жауап қалдыру