
Көкшетау қаласында көрнекті жазушы, журналист және қоғам қайраткері Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің туғанына 90 жыл толуына орай Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің Қалалық орталық үлгілі кітапханасында Жанайдар Мусин атындағы оқу залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараның мақсаты: Көкше өңірінен шыққан біртуар тұлғаның қайраткерлік және шығармашылық өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету, бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау.
Салтанатты жиынға әдебиет пен мәдениет саласының өкілдері, қалалық кітапхана жүйесінің қызметкерлері, оқырмандар, студенттер, қалажастары мен қонақтар қатысты.
Ашылу рәсімінде залдың лентасын жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев,Жанайдар Мусиннің бауыры Еркін Баймурзин және ұлы Мұхтар Жанайдарұлы қиып, оқу залы ресми түрде ашылды. Салтанатты сәт «Ерке сылқым» күй үнімен сүйемелденіп, шашу шашылды.
Сондай-ақ, шара барысында Ақмола облысының мәдениет басқармасының басшысы А.Сәбитова құттықтау сөз сөйлеп, Жанайдар Мусиннің қазақ руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, жазушы мұрасын ұлықтауға бағытталған бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті. Жаңа оқу залының өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беретін маңызды мәдени орталыққа айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Жанайдар Мусиннің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнематериал көрсетілді. Краснояр қалалық кітапханасының меңгерушісі Гүлжанар Нұрланқызы Бодаубай жазушының шығармаларынан құрылған кітап көрмесімен таныстырса, Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері жазушы кітаптарынан үзінділер оқыды. Шара барысында сөз алған қонақтар Жанайдар Мусиннің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына оның шығармаларының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Кеш қонағы Төлекеев Қаратай Бәйкенұлы Ақан серінің әнін орындап, кешті әсерлі етті.
Шара соңында Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Серік Жетпісқалиев оқу залының рухани шаралар өтетін маңызды орталық болатынын атап өтіп, Жанайдар Мусин мұрасын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1163761?lang=kk

Жауап қалдыру