Жетісу облысы Полиция департаментінде өңірдегі бизнес нысандары мен ойын-сауық орындарында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті. Іс-шара Департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жасұлан Байкеновтың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Кеңеске қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің басшылығы, шетел азаматтары жұмыс істейтін компаниялар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қауіпсіздік қызметтерінің өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы ойын-сауық орындарының басшылары, облыстық және қалалық кәсіпкерлік басқармаларының өкілдері де қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қосымша шараларды түсіндіру болды. Кеңес барысында кәсіпорындарға заманауи қауіпсіздік жүйелерін белсенді түрде енгізу қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, ұйымдарға бірінші санаттағы лицензиясы бар күзет құрылымдарымен келісімшарт жасау, дабыл түймелерін, күзет дабылы жүйелерін, бейнебақылау орнату, сондай-ақ күзет қызметкерлерін бейнежетондармен жабдықтау ұсынылды.
Іс-шараға қатысушыларға техникалық тіркеу құралдарының тиімділігін көрсететін тақырыптық бейнеролик ұсынылды. Департамент басшылығы бейнежетондарды пайдалану әсіресе құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін түнгі ойын-сауық орындарында нәтижелі екенін ерекше атап өтті.
Қауіпсіздіктің заманауи технологияларын енгізудің оң тәжірибесімен «Status» түнгі клубының өкілі бөлісті. Оның айтуынша, бейнежетондар күзет қызметкерлері тарапынан 2025 жылдың қазан айынан бастап қолданылып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеген.
«Бейнежетондар енгізілген сәттен бастап тек оң нәтиже байқап отырмыз. Оларды пайдалану жанжалдардың алдын алуға көмектесіп, келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады», — деді мекеме өкілі.
Полицияда мұндай кеңестер құқық қорғау органдары мен бизнес қауымдастығының күш-жігерін біріктіруге бағытталғаны атап өтілді. Негізгі мақсат — Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу және барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылын күшейту арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
#законипорядок #заңментәртіп #безопасность
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1164090?lang=kk

Жауап қалдыру