
КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 18 ақпан күні аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы өтті. Сессия отырысына мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері және арнайы шақырылған сала басшылары қатысты.
Сессия отырысын мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ашып жүргізді.
Сессияның күн тәртібіне мәселе ұсынылып, қаралды:
- Жалағаш ауданы бойынша жер қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі заңнамалардың орындалу барысы туралы.
- Жалағаш ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру барысы туралы.
- Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның есебі туралы.
- Жалағаш ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2026 жылға арналған туристік жарнаның мөлшерлемелерін бекіту туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов баяндама жасады.
Ауданның жалпы жер көлемі 2 873 640 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 298 828 гектар, оның ішінде егістігі – 21 685 гектар, жайылымы – 210 000 гектар. Суармалы жерлердің жалпы көлемі 45 654 гектарды құрайды. 2025 жылы ауданда 504 шаруа қожалығы мен 43 заңды тұлға ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысуда.
1960-1970 жылдары салынған инженерлік жүйелердің тозуына байланысты реконструкциялау жұмыстары жүруде.
ИДЖЖ-2 жобасы аясында Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет округтерінде 15 123 гектар суармалы жер қалпына келтірілген.
ИДЖЖ-3 жобасы аясында Ақсу, Аламесек, Мақпалкөл, Жаңаталап, Шаменов және Еңбек округтеріндегі 14 049 гектар жерді жөндеу үшін құжаттар рәсімделіп, 147 су нысаны коммуналдық меншікке алынған.
Мақсатына сай пайдаланылмаған 11 775 гектар (46 учаске) бойынша шара көру үшін тиісті департаментке құжаттар жолданған.
2025 жылы 11 600 гектар жер (24 учаске) мемлекетке қайтарылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 5 335 гектар, ал 2023 жылы 44 106 гектар болған.
2025 жылы 31 шаруашылықтың 1 750 гектар жерінде егіс ротациясын сақтамау фактілері анықталып, нұсқамалар берілген.
2025 жылы конкурс арқылы 5 135 гектар (9 учаске) пайдалануға беріліп, жер учаскелерін сатудан жергілікті бюджетке 14 989,5 мың теңге қаржы түскен.
Өткен жылы азаматтарға қосалқы шаруашылық үшін 1,7 гектар (17 учаске) берілген. Жалағаш кентінде «Ақтерек», «Дәуімбай» және «Наурыз» учаскелерінде инженерлік инфрақұрылым тарту және жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Ауданда 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару жоспары бекітілген. Мал жайылымына жетіспейтін 456 мың гектар жер көршілес облыстар мен босалқы жерлер (Қарақұм, Қызылқұм) есебінен толық қамтамасыз етілген.
Депутаттар Г.Курманбаева, Е.Боранбаев, Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев жерлердің қайта қалпына келтірілуі, мал жайылымдарының жетіспеушілігі, егістік жерлерде қалған сабандарын өртемеу туралы, «Дәуімбай» учаскесінде бөлек су ұңғымасын қазу мүмкіндігі, «Дәуімбай» учаскесіндегі 68 гектар және «Наурыз» учаскесіндегі 110 гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша жасалған ЖСҚ-лардың мерзімдері, мерзімінде пайдаланылмаған жерлердің қайтып алынып, қайта табысталғаны, жер кезегінде тұрған адамдар туралы сұрақтарын қойып, тиісті жауаптары алынды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Ғ.Дүйсекбаев атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі М.Баймағанбетов баяндады.
Тіркелген қылмыстардың жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға (113-тен 100-ге) төмендеген.
Тіркелген 100 қылмыстың ішінде: 20-сы ауыр, 34-і орта, 14-і онша ауыр емес және 32-сі қылмыстық теріс қылық.
Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 83,8%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға жақсарған.
Профилактикалық шаралардың нәтижесінде келесі қылмыс түрлері азайған: ұрлық: 25-тен 13-ке, пәтер ұрлығы: 9-дан 5-ке, есірткі қылмысы: -19-дан 10-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру: 2-ден 1-ге, мас күйіндегі қылмыстар: 20-дан 9-ға, жасөспірімдер қылмысы: 4-тен 3-ке.
Алайда, алаяқтық 19-дан 35-ке өскен, интернет-алаяқтық 200%-дық өсім көрсетіп, 8-ден 24-ке артқан, отбасылық қарым-қатынас саласындағы қылмыстар 2-ден 6-ға дейін өскен.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 98 азаматқа қорғау нұсқамасы беріліп, 60 тұлғаға сотпен ерекше талаптар белгіленген. Ортақ пайдалану орындарын ластап, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдық тастаған 271 азаматқа айыппұлдар салынған.
«Қарасора-2025» іс-шарасы аясында «ДРОН» аппаратымен 28 мәрте далалық зерттеу жүргізілген.
Аудан көлеміндегі 9 ауылда (Таң, Еңбек, Есет батыр, Т.Жүргенов, Жаңаталап, Мырзабай ахун, М.Шәменов, Аққұм, Ақсу) алкоголь сату толығымен тоқтатылған.
Сонымен қатар, баяндамашы М.Баймағамбетов қоғамдық қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін және қылмыстардың алдын алу бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Ұсыныстар бойынша аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов жауап беріп, төраға Ө.Елеусінов әр ұсыныс бойынша зерттеп көруді ұсынды.
Депутаттар Г.Курманбаева, Б.Абдреева, Г.Айтжанова, Ө.Елеусінов мал ұрлығы жайлы, қараусыз жүрген малдарды қамау орындары туралы, малдарды таңбалау, сырғалау жұмыстары туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Л.Шөменова 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа Заңның ерекшеліктері туралы айта келе, полиция бөлімімен біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.
Үшінші мәселеге байланысты аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның жұмысы туралы есебін берді.
2026 жылдың 1 қаңтарына сәйкес есепте барлығы 45 азамат тұр, оның 41-і пробация қызметінде, 4-уі полиция бөлімінде.
Олардың 27-сі Жалағаш кентінен, 18-і ауылдық елді мекендерден.
Бас бостандығынан босатылған 10 адамға 589,8 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленген. 11 адамға 202,0 мың теңгеге азық-түлік, 10 баласына мектепке қажетті заттары мен сумкалар алынып берілген.
2025 жылы «Мансап» орталығына 25 адам тіркеліп, 12 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған (оның ішінде 6-уы арнайы квотамен), 9 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданған. 2 адам мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашқан.
Жыл бойы жүзу, дойбы, қол күрес және кір тасын көтеруден жарыстар, сондай-ақ психологиялық семинар-тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізілген.
Пробация есебіндегілерді бақылау үшін бюджеттен 2 млн теңге бөлініп, электронды құралдар (браслеттер) сатып алынған.
2026 жылға әлеуметтік көмекке 10 адамға 649,0 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 2026 жылға «Жалағаш қызмет» мекемесінде 3 адамды жұмысқа орналастыру үшін квота бекітілген.
Төртінші мәселе бойынша аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ж.Есенов Жалағаш ауданы бойынша 2026 жылға хостелдерді, қонақжайларды, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарындағы шетелдіктер үшін туристік жарнаның мөлшерлемелері болу құнының 0 (нөл) пайызы мөлшерінде бекітуді ұсынды.
Сессия жұмысын қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов 2026 жылдың 15 наурызында өткізілетін республикалық референдумға байланысты атқарылатын жұмыстарға тоқталып, депутаттарды саяси науқанды абыроймен атқаруға шақырды және 19 ақпаннан басталатын қасиетті Рамазан айымен құттықтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zhalagash/press/news/details/1165139?lang=kk

Жауап қалдыру