Ана тілі – жүрек үні: этномәдени бірлестіктердің кездесу кеші өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай «Ана тілі – жүрек үні» тақырыбында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен тағылымды кездесу өтті. Тағылымы терең жиын тіл мәртебесін көтеру, ана тілінің қадір-қасиетін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

 Кездесуді тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәурембеков ашып, тілдерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

 Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева сөз сөйлеп, ана тілінің ұлт болмысын айқындайтын, рухани тұтастықты сақтайтын басты құндылық екеніне назар аударды.

 Жиын барысында этномәдени бірлестіктер мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салып, тіл мәселесіне қатысты ұсыныстарын білдірді. «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Фарида Накыш, «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Абзалбек Меңдібаев, «Жамбыл ТВ» телеарнасының редакторы, ҚХА мүшесі, тіл жанашыры Риналь Рахматуллин, «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынастар тілі» жобасының өңірлік спикері, Гродеково орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забида Мирзаева, Достық үйі жанынан құрылған «Мәміле» пікірталас клубының мүшесі Евгения Дмитриева баяндама жасады.

 Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақтілді орта қалыптастыру, мемлекеттік тілдің дамуы мен тәжірибеде қолданылуын жандандыру, сондай-ақ ана тілдерін оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.

 Ана тілі – әр халықтың жүрек үні, рухани тірегі. Оны қастерлеу – өткенге тағзым, болашаққа аманат.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1165410?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді