
Микробқа қарсы препараттарды дұрыс қолдану бүгінде медицина мен ветеринария саласында басым бағыттардың бірі болып табылады. Антибиотиктер инфекциялардың алдын алу мен емдеуде маңызды рөл атқарады, операциялар мен басқа да медициналық араласулар кезіндегі асқыну қаупін төмендетеді.
Алайда антибиотиктерді шамадан тыс және негізсіз қолдану микроорганизмдердің дәрілерге төзімділігінің артуына алып келді. 2019 жылы микробқа қарсы препараттарға төзімділік әлем бойынша 4,95 миллион өлім жағдайымен байланысты болды.
Қазіргі таңда зәр шығару жолдарының инфекциялары, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, диарея және сепсис жағдайлары антибиотиктерге төзімді бактериялардан туындап, тиімді емдеу мүмкіндігін шектеп отыр.
Зерттеулерге сәйкес, 2019 жылы Қазақстанда микробқа қарсы төзімділік шамамен 2400 өлім жағдайына себеп болды, ал өлім-жітімнің жас бойынша стандартталған көрсеткіші 100 000 адамға шаққанда 50–60 жағдайды құрады.
Төзімділіктің өсуі антибиотиктердің тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінде кеңінен қолданылуымен байланысты. Сондықтан медицина, ветеринария, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларын біріктіретін «Бір денсаулық» кешенді тәсілін енгізу қажет.
Микробқа қарсы төзімділікті тежеу антибиотиктерді ұтымды пайдалану, инфекциялық бақылауды күшейту және халықтың хабардарлығын арттыруды талап етеді.
Қазір әрекет ететін уақыт — болашақ ұрпақ үшін антибиотиктердің тиімділігін сақтау қажет.
Денсаулық өз қолымызда!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsek-abay/press/news/details/1165492?lang=kk

Жауап қалдыру