
18–19 ақпан күндері Павлодар қаласында облыстың жас дарындарын біріктірген маңызды мәдени оқиға өтті – балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің білім алушыларына арналған «Жас музыкант» атты 59-шы облыстық фестиваль-конкурсы. Іс-шара Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені базасында ұйымдастырылды.
Фестивальді Павлодар облысының білім беру басқармасы мен аталған кешен бірлесіп өткізді. Байқаудың басты мақсаты – музыкалық дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту; олардың шығармашылық белсенділігін арттыру, сондай-ақ кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ету.
Фестиваль екі негізгі номинация бойынша өтті: «Хор ұжымдары» және «Фортепиано». Бұл бағыттар жас музыканттарға орындаушылық шеберлікті шыңдауға, сахна мәдениетін бойына сіңіруге, ансамбльдік үйлесімділік пен көркемдік талғам қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Байқауға Павлодар қаласының балалар саз мектептерімен қатар, Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар музыка мектебі, Шарбақты, Ертіс, Тереңкөл аудандарының өнер мектептері, сондай-ақ Байғабыл Жылқыбаев атындағы, Жаяу Мұса атындағы және Ақтоғай балалар өнер мектептері қатысты. Жалпы алғанда, 200-ден астам жас музыкант өнер көрсетіп, өңірдегі дарынды балаларды қолдау мен музыкалық өнерді насихаттаудың маңызды алаңына айналды.
Байқау қорытындысы бойынша «Фортепиано» номинациясында бас жүлде Захария Айдаргазинге (Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, Павлодар) берілді. Кіші топ бойынша I орын Ксения Коваленкоға (Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар музыка мектебі), ал орта топ бойынша I орын Дария Айдаргазинаға (Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, Павлодар) бұйырды.
«Хор ұжымдары» номинациясында жоғары сыныптар арасында I орын Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебіне, ал бас жүлде Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар музыка мектебіне берілді.
Фестиваль жас орындаушылар үшін үлкен жауапкершілік пен шабыт мектебі болмақ. Мұнда анықталған лауреаттар республикалық конкурсқа жолдама алып, өңір намысын қорғайтын болады.
Өнер додасы жаңа есімдердің танылуына, Павлодар өңірінің мәдени өмірінің жандануына серпін беретін сенім зор.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1165568?lang=kk

Жауап қалдыру