
Солтүстік Қазақстан облысында полиция капитаны, спортшы Татьяна Долбышеваға құрмет көрсетілді. Халықаралық жарыстың жүлдегерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев және СҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов құттықтады.
1-5 ақпан аралығында Дубай қаласында арнайы жасақтар арасында The UAE SWAT Challenge VI халықаралық жарысы өтті. Татьяна «Tomiris» әйелдер командасының құрамында өнер көрсетті. Қазақстандық әйел-полицейлер бүкіл әлемге кәсібиліктерін көрсетіп, 2-орынды иеленді.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортшы-полицейдің жетістіктері туралы меценаттарға айтты. Әлемдік аренадағы үлкен жетістіктері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында спортты насихаттауға қосқан үлесі үшін «Беркат строй» құрылыс фирасының басшысы Салман Аушев Татьянаға пәтер кілтін табыс етті.
«Біз Татьянаның жеңісімен мақтанамыз. Егер елдегі тәртіпті осындай қызметкерлер қорғаса, біз сабырлы бола аламыз», – деді «Беркат строй» ЖШС директоры Салман Аушев.
Татьяна Долбышева – Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы. 11-сыныпта оқып жүріп халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Бүгінде ол СҚО ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/965410?lang=kk

Жауап қалдыру