650 мыңнан астам ата-ана педагогикалық қолдау орталықтарында оқудан өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
2026 жылдың басынан бері ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында жаңартылған 3.0 бағдарламасы бойынша 86 мыңнан астам сабақ өткізілді. Оқыту 650 мыңнан астам ата-ананы қамтып, бала тәрбиесі, психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталды.
📝 Сабақтардың мазмұны педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының ұсыныстарын ескере отырып жыл сайын жаңартылып отырады. Бағдарламаға тәжірибеге бағытталған тақырыптар мен әкелердің қатысуымен өтетін мектеп іс-шаралары енгізілген. Бұл отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтіп, сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға ықпал етеді.
🛡 Жаңартылған 3.0 бағдарламасы бағдарламасы үш бағытты қамтиды: ата-аналардың эмоциялық тұрақтылығы мен өз-өзіне деген сенімділігін дамыту, бала үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға педагогикалық қолдау көрсету. Мұндай тәсіл балалардың жас, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеріп, отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
👩‍🏫 Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен педагогтер мен психологтер жүргізеді. Ата-аналар сенімді қарым-қатынас орнату, тәуекелдердің алдын алу, бала мен ата-ана арасындағы эмоциялық байланысты нығайту бойынша түрлі кеңестер алады. Ата-аналар арасында ең үлкен қызығушылыққа ие бағыттар ересектердің жеке үлгісі мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тақырыптар.
📊 Сауалнама нәтижелері бойынша ата-аналардың көпшілігінің тәрбиеге ерекше мән бере бастағаны байқалады:
– ата-аналардың 73,9%-ы балаларымен күн сайын сөйлеседі;
– 89,6%-ы баланың қиындықтарына жедел әрекет етеді;
– 78%-ы баласының араласатын ортасын жақсы біледі;
– әрбір екінші ата-ана тәрбиелеу тәсілдерін қайта қарауға дайын;
– 62%-ы алған білімдерін күнделікті тәжірибеде қолдануды жоспарлайды.
🏫 Еске сала кетейік, ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары 2023 жылдан бастап «Адал Азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында еліміздің барлық мектептерінде жұмыс істейді және мектеп пен отбасы арасындағы ашық диалогтың тиімді алаңына айналып, ата-аналарды бала тәрбиелеу мен дамытуға арналған практикалық құралдармен қамтамасыз етіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/1166456?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді