Погон таққан адал серіктер: Қарағандының төрт аяқты сақшылары – заң мен ізгіліктің алдыңғы шебінде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында 29 бірегей топ қызмет атқарады. Бұл – адам мен иттің мінсіз үйлесім тапқан кәсіби одағы. Төрт аяқты сақшылар жай ғана жануар емес, жылдар бойы үздіксіз жаттығудың нәтижесінде шыңдалған, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге маманданған білікті «қызметкерлер».
Олардың атқаратын міндеттері сан алуан: қылмыскердің ізіне түсу, есірткі мен өзге де қауіпті заттарды анықтау, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушыларды ұстау. Әр операция – жоғары дайындық пен өзара сенімнің жемісі. Ал атқарылған жұмыстың нәтижесі нақты статистикамен айқындалады.
Өткен жыл кинолог мамандар мен олардың сенімді серіктерінің кәсібилігі мен жанқиярлығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қызметтік иттердің көмегімен «ізін суытпай» 132 қылмыс ашылды. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысты 20 құқық бұзушылық анықталып, 516 келіден астам есірткі заты және 489 келі синтетикалық психотроптық зат тәркіленді.
Иіс арқылы іздестіру бағытында да елеулі нәтижелер бар. Жалпы 101 қылмыс ашылып, пәтер ұрлықтары әшкереленді, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен азаматтар дер кезінде табылды. Бұл – әрбір қызметтік ит пен оның тәлімгерінің үйлесімді еңбегінің нақты көрсеткіші. Аталған деректерді Қарағанды облысының ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Айдар Абдрасилов атап өтті.
Төрт аяқты сақшылардың қызметі жедел-іздестіру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Олар профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысып, көпшілік алдында өз шеберліктерін көрсетеді. Мұндай кездесулер жас буынның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, патриоттық тәрбиеге оң әсерін тигізуде.
Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – канистерапия. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған тиімді әдіс. Төрт аяқты «еріктілердің» қатысуы балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың сенімін нығайтып, қоғаммен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Бұл – кәсіби қызметпен қатар адамгершілік миссияның да айқын көрінісі.
Соңғы жетістіктер кинологиялық қызметтің жоғары дайындық деңгейі мен іске адалдығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Айдар Абдрасиловтің мәліметінше, тек өткен айдың өзінде 26 қылмыс ашылып, жоғалған азаматтар табылды.
Бұл көрсеткіштер Қарағанды облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде кинологиялық қызметтің айрықша рөл атқаратынын айқын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1166495?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді