МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫН ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕ ІСКЕ АСЫРУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысына арналған мәжіліс өтті. Жиын барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген басым бағыттарды өңірде тиімді жүзеге асыру тетіктері талқыланды.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Бірінші болып қала әкімінің орынбасары Нұрдәулет Медеуов жаңа инвестициялық кезеңді бастау, заманауи өнеркәсіптік негіз қалыптастыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол инвестиция тарту әлеуетін арттыру, өндірістік алаңдарды тиімді пайдалану, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру бойынша атқарылатын шараларға тоқталды. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру мәселелері көтерілді.
Екінші мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков көлік логистикасын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Баяндамада көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыру, жол сапасын жақсарту және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері қамтылды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – Жаңа Салық кодексін тиімді енгізу. Бұл жөнінде қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Тілепбаев баяндама жасап, кодексте енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, оны іс жүзінде сапалы орындау бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
Баяндамаларды тыңдаған қала әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындау – басты міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жұмыстарын жандандыруды, инвестициялық жобаларды нақты мерзімдермен бекітіп, жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, көлік логистикасы саласындағы жоспарларды нақтылап, кезең-кезеңімен іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді. Жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында кеңінен түсіндіру, насихат жұмыстарын күшейту қажеттігін тапсырды.
Жиын қорытындысында қала басшысы барлық жауапты сала жетекшілеріне жүктелген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kentau-kalasy/press/news/details/1167529?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді