Ақтөбелік жолшылар қолайсыз ауа райында мыңнан астам көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе өңірінде өткен демалыс күндері ауа райының күрт бұзылуына қарамастан, республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысының қауіпсіздігі толық бақылауда болды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Ақтөбе облыстық филиалының жол қызметтері ұйымдасқан әрі жедел іс-қимылдың нәтижесінде 1000-нан астам автокөлікті колонналық тәртіппен межелі бағыттарына аман-есен жеткізді.

Қарлы боран мен көру мүмкіндігінің төмендеуіне байланысты бірқатар бағыттарда уақытша шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, Ақтөбе – Атырау, Ақтөбе – Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе – Қызылорда бағыттарында, сондай-ақ Жайсан және Әлімбет халықаралық автомобиль өткізу бекеттеріне апаратын жолдарда қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұл шешім жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау, апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданды.

Шектеу кезеңінде өңір жолшылары қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізді. 500-ден астам маман мен 200-ге жуық арнайы техника қар құрсауында қалған учаскелерді тазалап, жол жамылғысына көктайғаққа қарсы материалдар септі. Қауіпті бөліктерде көлік құралдарын колоннамен өткізу ұйымдастырылып, ахуал тұрақты бақылауда ұсталды.

Жол пайдалану қызметтерінің үйлесімді жұмысының арқасында төтенше жағдайлардың туындауына жол берілмей, ауа райы қалыпқа келген соң көлік қозғалысы кезең-кезеңімен қалпына келтірілді.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге колонна құрамында қозғалу тәртібін бұлжытпай сақтауды ескертеді. Арнайы техника мен патрульдік көліктер ілесіп жүрген кезде басып озуға, өз бетінше қатардан шығуға, арақашықтық пен жылдамдық талаптарын бұзуға болмайды. Қиын метеорологиялық жағдайда жол қызметі мен құқық қорғау органдарының талаптарын орындау – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Автожолдардың жай-күйі мен қолданыстағы шектеулер жөніндегі мәліметті тәулік бойы 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Сапарға шығарда ауа райы жағдайын ескеріп, жолда сақтық танытыңыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1167266?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді